KZ
Өскемен
-43°
туман Штиль
512.16 594.72 6.57

Өскеменде ұлттық спорт рухын жаңғыртатын жаңа ипподром бой көтеруде

27.10.2025, 13:00 213 Базарова Айгүл

Өр Алтайдың төрінде ұлттық ат спортының дамуына серпін беретін жаңа нысан бой көтеруде. Бұл – өңірдің мәдени, туристік және спорттық әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жоба. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала маңында салынып жатқан ипподром құрылысының барысымен танысып, жұмыстың сапасында сын болмау қажеттігін тапсырды, деп хабарлайды Altainews.kz. тілшісі. 

Жалпы құны 1 миллиард 385 миллион теңгеден асатын нысанның құрылысына қазіргі таңда 300,1 миллион теңге жұмсалған. Құрылысты «DK Proekt» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.

Жоба Жаңа-Явленка ауылының оңтүстік-батыс бөлігінде, жалпы аумағы 40,37 гектар жер телімінде жүзеге асуда. Мұнда ұзындығы 2200 метрлік ат жарыс жолы, үш қабатты әкімшілік ғимарат және үш тікбұрышты трибуна салу жоспарланған. Көрермендерге арналған орын саны – 141, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да арнайы орындар қарастырылған.

Қазіргі таңда нысанда жарыс жолының, ғимараттар мен құрылыстардың іргетасына арналған жер телімін тазалау, тегістеу, қазу сияқты жұмыстар жүргізілуде.

Аймақ басшысы құрылыс барысын жіті бақылап, мердігерге сапаны басты назарда ұстап, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

«Ипподром – бұл тек спорт нысаны емес, өңірдің мәдени және туристік әлеуетін арттыратын маңызды жоба. Сондықтан құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілуі қажет», – деді Нұрымбет Сақтағанов.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу