KZ
Өскемен
+23°
пасмурно жел 1 м/с, З
515.03 584.82 6.24

Өскемендегі Комсомол аралында жабық футбол алаңы салынады

pixabay.com

9.04.2025, 14:25 159 Әбішев Ержан

Өскеменде бірқатар жаңа спорт нысандары бой көтермек. Қалада ипподром, ірі спорт аренасы және үстел теннисі академиясы да салынады. Бұл нысандар қаланың ірі жарыстарды өткізу әлеуетін арттырады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қала әкімі Алмат Ақышовтың айтуынша, Өскеменде бірнеше ірі спорт нысандарының құрылысы жүреді.

Атап айтқанда, 19-шы ықшам ауданда жалпы ауданы 46,6 мың шаршы метрді құрайтын «Алтай Арена» спорт кешені бой көтереді.

Шығыс кентінде 537,7 шаршы метрлік ипподром салынады. Бұл нысан ат спорты мен ұлттық спорт түрлерінің дамуына серпін береді.

– Мердігер компаниямен келісімшарт жасалды, жұмыстар ауа райы қолайлы болғанда басталады, – деді әкім.

Сонымен қатар «Спорт» ықшам ауданында үстел теннисі академиясы салынады. Мұнда кәсіби спортшылармен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар да жаттығатын болады.

Комсомол аралында ауданы 800 шаршы метрлік жабық футбол алаңы салынады. Аймақтың бірнеше ай бойы суық болатын климатын ескерсек, бұл жоба аса өзекті.

Бұдан бөлек, қала әкімі Добролюбов көшесі 44 үйдегі жүзу бассейні жөнделіп, 19 аулалық спорт алаңы жаңғыртылатынын айтты.

Аталған жобалар құрылыс кезеңінде де, пайдалануға берілгеннен кейін де жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл нысандар Өскеменге туристерді тартып, ірі спорттық іс-шаралар өткізуге жол ашады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу