Шығыста «Жас мерген» телетурнирі басталды
Шығыс Қазақстанда алғаш рет мектеп оқушылары арасында дәстүрлі садақ атудан «Жас мерген» атты облыстық телетурнир басталды. Ұлттық рухты ұлықтап, жас ұрпақты мергендікке баулуды мақсат еткен дода мектептер, телеарна, садақ ату кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкерлердің бірігуімен ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Байқау ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық спорт қауымдастығы бекіткен ережелерге сай ұйымдастырылуда. Жарысқа облыс мектептерінен 9–10 сыныпта оқитын сексеннен астам жас қатысып, жекелей сында «Қалқан» нысанасына дәл тигізу бойынша бақ сынайды. Ал жартылай финал мен финалда қатысушылар жамбы атуда мергендік шеберліктерін көрсетеді.
Аталмыш шараның салтанатты ашылуына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысып, жас мергендерге сәттілік тіледі.
Өңір басшысы да спортшыларға үлгі болып, садақ атып көрді. Оның нысанаға дөп тиген оғы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, жарыс рухын еселей түсті.
Айта кетейік, «Жас мерген» телетурнирі «Қазақстан» РТРК АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы — «ALTAI» телеарнасы мен «Керемет садақ ату» орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен, сондай-ақ ШҚО әкімдігі мен Спорт басқармасының қолдауымен өтті.
Садақ ату — қазақ халқының жауынгерлік дәстүрінің айнасы, рух пен жауапкершілікті, ой мен істің үйлесімін қалыптастыратын ерекше өнер. Тарбағатай ауданынан келген жаттықтырушы Ербол Қанафиннің үш шәкірті бірінші турдан-ақ оқ бойы озық көрінді.
Садақ ату спорты баланы табандылыққа, сабыр мен дәлдікке, шешім қабылдаудағы жылдамдыққа тәрбиелейді, ұлттық болмысты жаңғыртып, жас буынды рухты етіп тәрбиелеудің тиімді құралы.
Жарыс өткен Өскемендегі «NURORDA» мектеп-лицейі бұл күні ерекше атмосфераға бөленді. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов оқу ордасының тыныс-тіршілігімен танысып, оқушылардың жаңа әдістемелермен білім алу жүйесін көрді.
Өңір басшысына мектепте енгізілген инновациялық бағыттар — асық арқылы оқыту, Сингапур математикасы, логикалық ойлауды жетілдіру пәндері, қосымша шығармашылық үйірмелер таныстырылды. Әсіресе, информатика сабағындағы робототехника бөлімінің жетістіктері ерекше назар аудартты.
10-сынып оқушысы Алдияр Қанатұлы өз қолымен жасап шыққан жобасын — ым тілін компьютерлік көру арқылы тану жүйесінің прототипін ұсынды. Бұл жоба ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмірін жеңілдетуге бағытталған тың бастама ретінде облыс әкімінің оң бағасын алды.
Айдос Мырзахметов
Видео: Евгений Щетников
Фото: Жібек Нұрахмет












