KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 7 м/с, ОШ
515.02 604.22 6.5

Өскемен кәсіпорындары ауаға шығатын зиянды заттарды азайтып жатыр

30.10.2025, 20:30 207 Базарова Айгүл

Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде өнеркәсіп кәсіпорындары облыс әкімдігімен жасалған меморандум аясында қоршаған ортаға түсетін зиянды қалдықтарды азайтуға бағытталған қосымша шаралар қабылдауда, деп хабарлайды Altainews.kz.

Өндіріс қуатын уақытша төмендету, экологиялық бақылауды күшейту және технологиялық процестерді оңтайландыру арқылы ауаға шығатын зиянды заттардың көлемі азайтылуда. 30 қазанға берілген мәліметтер бойынша жағдай төмендегідей.

«Казцинк» ЖШС цинк зауытының №1 және №7 балқыту пештеріндегі өндіріс көлемін 20 пайызға қысқартты. Күкірт қышқылы цехында күкірт диоксидін (SO₂) тотығу деңгейі кемінде 96,5 пайыз деңгейінде ұсталып отыр. Бұл — әрбір 100 бірлік газдың кем дегенде 96,5 бөлігі күкірт триоксидіне (SO₃) айналып, кейін күкірт қышқылы (H₂SO₄) түрінде өндірісте қайта пайдаланылатынын білдіреді. Яғни, ауаға тарайтын зиянды газ мөлшері барынша азайған.

Сонымен қатар металды балқыту пештеріне түсетін шикізат мөлшері азайтылып, балқыту тиімділігі артты. Нәтижесінде газтазалау жүйелерінің жұмысы жақсарып, түтін мен шаң қалдықтары тиімді ұсталып отыр.

Кәсіпорын мәліметінше, экологиялық бақылау толық көлемде жүргізіліп, санитарлық-қорғау аймағында ауытқулар анықталмаған.

Согра жылу электр орталығында атмосфераға түсетін жүктемені азайту мақсатында екі қазан агрегаты төмендетілген қуатта жұмыс істеуде. Сағатына 98–105 тонна бу өндірілуде (қалыпты қуаты 160 тонна). Бұл шешім ауаға тарайтын түтін мен күлдің көлемін азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ отынның жану режимі жетілдірілді. Күлұстағыштардың жұмысы жақсартылды.

Үлбі металлургия зауыты технологиялық процестер мен шаң-газ тазалау қондырғыларының жұмысына бақылауды күшейтті. Қолайсыз ауа райы кезінде кәсіпорын экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жөндеу, тиеу-түсіру және профилактикалық жұмыстарды уақытша тоқтатты.

Бірқатар технологиялық процестер жеңілдетілген режимге ауыстырылып, ауаға шығатын заттары бар 15 өндірістік қондырғының жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл шешім қаладағы ауа сапасын тұрақты деңгейде ұстауға сеп болып отыр.

Өскемен қалалық сүт комбинатында ауаға шығатын зиянды заттардың көлемі 40 пайызға азайтылды. Бұл мақсатта тазалау жүйесі ескірген жабдықтар уақытша тоқтатылып, қазандықтардың жұмысы оңтайландырылды.

Экологтардың айтуынша, кәсіпорындардың дер кезінде қабылдаған шаралары қала ауасының сапасын сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Өндіріс орындарының жауапкершілікпен әрекет етуі — Өскеменнің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу