Ковентри университетінің проректоры: Қазақстан халықаралық білім беру үшін білім экожүйесін қалыптастырып келеді
Ковентри университетінің (Ұлыбритания) кәсіпкерлік және инновациялар жөніндегі проректоры профессор Пол Нун Қазақстанның трансұлттық білім беруді дамыту бағытында айтарлықтай қадамдар жасап жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Астанада өткен «Қазақстан – академиялық білім аумағы» атты халықаралық стратегиялық серіктестер форумының аясында жасанды интеллект пен трансұлттық білім берудің рөліне арналған сессия өтті. Сол жиында спикерлердің бірі болған Пол Нун BAQ.KZ порталына берген сұхбатында жасанды интеллекттің білім беру жүйесін қалай өзгертетінін және неге Қазақстан Азиядағы академиялық тартылыс орталығына айнала алатынын айтты.
Профессордың айтуынша, жасанды интеллект технологиялары білім алуды баршаға қолжетімді етіп, «білімді демократияландыруға» мүмкіндік береді.
Пол Нунның айтуынша, қазір жоғары оқу орындары өтпелі кезеңде тұр: оқытушылар мен студенттер жасанды интеллект көмегімен оқытудың жаңа тәсілдерін меңгеріп жатыр.
Сондай-ақ профессор Қазақстанның трансұлттық білім беру саласында елеулі ілгерілеуге қол жеткізгенін атап өтті.
Пол Нунның пікірінше, Қазақстан Азиядағы жаңа білім беру хабына айналу жолында сенімді қадам жасап келеді.
Сондай-ақ ол Қазақстан мен шетелдік серіктес университеттер, соның ішінде Ковентри университеті арасындағы ынтымақтастықтың алғашқы нәтижелері көріне бастағанын айтты.