Өскеменде «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті
Бүгін Өскемендегі ірі сауда және ойын-сауық орталығында «Халық заңгері» атты республикалық акция өтті, – деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл шара елімізде бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді және қоғамның құқықтық мәдениетін арттыруды мақсат етеді. Өскемен қаласында аталмыш акция биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Акция барысында ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері, кәсіби заңгерлер мен адвокаттар тұрғындарды жеке қабылдап, тегін құқықтық көмек көрсетті.
Екі сағатқа созылған акция кезінде ондаған қала тұрғыны өз сұрақтарына нақты жауап алды. Тұрғындар арасында зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мектеп мұғалімдері мен жеке кәсіпкерлер де болды.
Қатысушылардың бірі, есімін атамауды өтінген қала тұрғыны облыстық прокуратура қызметкерінен өзінің жылжымайтын мүлкін заңдастыру мәселесі бойынша пайдалы кеңес алғанына ризашылығын білдірді:
Шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев акцияның маңыздылығын атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Әділетті Қазақстан: адам, еңбек, әділдік» атты Жолдауында ел дамуының негізгі тірегі ретінде заң үстемдігі мен азаматтардың құқықтарының қорғалуына басымдық беру қажеттігі атап өтілген болатын. Мемлекет басшысы әділетті қоғам құрудың басты шарты – әрбір азаматтың заң алдындағы теңдігі мен мемлекеттік органдардың халыққа ашық қызмет етуі екенін ерекше көрсеткен. Өскеменде өткен осындай акциялар сол бағыттағы нақты қадамдардың бірі болып отыр.
Ұйымдастырушылар тұрғындарға заң талаптарын сақтау әр азаматтың міндеті екенін еске салып, әркімнің өз құқығын білуі және оны қорғай алуы – әділетті қоғамның негізі екенін атап өтті.
Көпшілік мұндай шаралардың алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылуын сұрап, «Халық заңгері» жобасына алғыстарын білдірді.
Серік Құсанбаев
Фото, видео: Руслан Акматалиев












