KZ
Өскемен
-2°
снег жел 4 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

Еңбек ерлері: Өткен дәуірдегі еңбекқор жандардың өнегесі

2.11.2025, 13:15 199 Базарова Айгүл

Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы жарияланды. Бұл – еңбек адамын құрметтеу, олардың қоғамдағы орнын айшықтау мақсатындағы маңызды бастама. Өйткені елдің өркендеуі мен тұрақтылығы — қарапайым еңбектің, маңдай тердің нәтижесі. Осындай өнегелі тұлғалар тарихта да, бүгінгі өмірде де бар. Олар — әрқайсымыздың қасымызда жүрген, өз ісіне адал, еңбегімен елге үлгі болған жандар. Өскемен қаласының тұрғыны Талап Тұрсынов Altainews.kz-пен бөліскен өз естелігінде Кеңес дәуірінде Марқакөл ауданының Қараой кеңшары, Архиповка бөлімшесінде еңбек еткен жандардың қайсарлығы, еңбексүйгіштігі туралы айтып берді. Автордың естелігін назарларыңызға ұсынамыз.

«Кеңес дәуіріндегі болған оқиғаны оқырмандарға паш еткім келді. Жас ұрпақтарға үлгі болатын сол кездегі еңбек адамдарының еңбекқорлығы. Марқакөл ауданы, Қараой кеңшарының, Архиповка бөлімшесінің жұмысшылары, малшы, тракторшылары таңның атысы, күннің батысымен еңбектенетін. Уақытпен санаспай, демалыс дегенді білмейтін. Кезекті еңбек демалысында демалу орындарына бармайтын да, оның орнына ақшасын алып, күндүз-түні жұмыста жүретін. Өйткені бір науқан бітсе, екіншісі тұратын, жұмыс қолы жетіспейтін.

Сол кезде бөлімшені марқұм Жаманбаев Қырықбай ұзақ басқарған, өте тәжірибелі ақсақал еді. Ашық, елгезек, мектепке, медицинаға, мәдениетке, саудаға көңіл бөлетін. Бөлімше кеңшардың ең үлкені еді. Жұмыс көлемі өте ауқымды болған. Сол кездегі замандастар, қазір марқұмдар Данаев Дүйсен, Лақып Тәңірберген, Төлендинов Тұрсын, Қайсаров Мұрат барлық техниканың тілін білетіндер. Сексенге келген Шоқанов Жеңісбек, Отыншынов Тоқан, Нұрақов Жұмаш - қадірлі аталар, немерелерін сабаққа апарып, түрлі жаттығуларға қатыстырып, әкеліп жүр. Қолдағы азын аулық малдарына қарауға уақыттары жоқ, үйдегі жұбайлары, балалары қарайтын. Тек отын- шөбін түсіріп берсе, соған разы болатын. Бір - біріне көмектескіш, жаны ашығыш, адамдық пен еңбекті жоғары қоятын адамдар, еңбек үлгісін көрсеткендер.

Соның бірі - Нұрақов Жұмаш. Бала кезімізде бірге оқып, кейін жер шалғайлығынан басқа мектепте оқыған еді. Кейін қайта кезіктік. Өзі қаңылтақтай болса да, қайсар, жұмысқа мықты, өте әдепті, дөрекі сөйлемейтұғын, кітап құмар азамат еді. «Көлге трактормен мұздың астына түсіп кетті» дегенді естідік. Әйтеуір аман, кезіккенде қалай болғанын айтқан еді. Одан бері талай жылдар өтті. Жуықта әдейі барып қайта сұрадым: «1982 жылы мен қырық жастамын» - деп бастады әңгімесін. Марқакөлден Қалжыр өзені ағып шығар жерін Шүмек дейді. Сол жылы Шүмектің арғы жағында екі табын ірі қара малмен ағайынды Оқажанов Еркін, інісі Оқажан Ерлан қыстаған. Айтуға ғана оңай, қыста екі- үш метрге дейін қар басып тастайды. Шөпті малға берудің өзі қиынның қиыны. Наурыз айында Ерланның жұбайы кішкентайлы болып, Алексеевкадағы перзентханадан шығатын болып, Шүмектегі үйіне жеткізу үшін тракторы жаңа болғандықтан Жұмашты жұмсайды. Ондайда жаңа трактор болмаса, апару оңайға түспейді. Жаңа техниканы тәжірибелі, ұқыпты, жұмысты жақсы істейтіндерге мадақтама ретінде беретін. Наурыздың отызы күні ауылдан шықтық, қасымда Ерланның өзі, үш жасар ұлымен. Трактордың тіркемесінде жем, азық-түлік, солярка, керосин, киімдер, керекті заттың бәрін тиедік. Алексеевкадан Ерланның жұбайын сәбиімен шығарып алып, жолға шығып, кештетіп Уранхаевка аулында арнаулы үйге қонып, ертеңінде бірінші сәуірде жолға шықтық. Көлдің үстіндегі мұзбен, қырық бес километр жүріп, төменгі Яловка ауылына жеттік. Ол ауыл Қаба кеңшарының бір бөлімшесі еді. Басқарушысы Шалабаев Мұратбек марқұм болатын. Өміртаев Талғаттың үйінен тамақтанып, Ерланның жұбайын екі баласымен сол үйге қалдырып, Өміртаев Талғат Марқакөл қорығының қызметкері, Ерлан үшеуіміз Шүмектегі қыстауға сапар шектік. Көл үстіндегі мұзбен он сегіз километр жолды артқа тастап, көл жағасына шығып, сол жерде трактор тіркемесін ағытып, Ерлан сол жерде қалды. Талғат екеуіміз келген жолымызбен кері қайттық. Жағадан ұзағанда бір кезде мұз ойылып, трактор артымен көлге батты. Өзім жақтағы есікті су ашқызбады, бірақ әйнегі ашық болатын, Талғат та жанталасып жатты. Ол жақтағы есік мүлдем ашылмайтын. Бір кезде Талғаттың менің алдымнан терезеге өтіп бара жатқаны байқалды. Қалғаны есімде жоқ, бұның барлығы қас қағымда болды. Осы кезде Ерлан темекісін тамызып жолға қараса, «кетіп бара жатқан трактор жоқ» дейді. Ерлан жандәрмен жүгіріп келсе, ойылған жерде мұз қалқып жүр екен. Тез киімін шешіп, суға сүңгиді, шығара алмай, су бетіне шығып, бір ауа жұтып, қайта сүңгіп, трактордың терезесінен, Талғатты суырып, мұз бетіне зорға шығарады. Ойланбастан қайта сүңгіп, Жұмашты шығарайын десе, екі қолы, трактордың рычагынан алынбайды, дем жетпей су бетіне шығып, бір рет ауа жұтып, қайта сүңгиді. Осы жолы әрең су бетіне шығарады. Мұздың үстіне шығару өте қиын болады. Талғатқа көмектес деп айқайлайды. Ол өзіне келе алмай не болғанын білмей, бір кезде көмекке келіп екеулеп мұз бетіне шығарады. Ерлан бәріміздің киімдерімізді шешіп, сығып берді. Киімдер мұз бетіне жабысып жатыр. Мен жатқан жерімнен ұшып тұрып, қайта құлаппын. Тоңғаным сонша, өне бойым қалшылдап, тісім тісіме тимей сақылдады. Сөйлеуге шама келмей әрең тіркемеге жеттік. Ерлан бізге арақты жылыну үшін зорлап берді. Өзі ағасын, Еркінді айқайлап, қол бұлғап шақырады. Еркін бізге қарай шанамен келе жатқанда көргені, трактор жоқ, үш әйелді ғана байқайды. Біз тіркемедегі шәлі байлауыштарды басымызға байлап алғанбыз. Үйге жетіп жылындық. Ерлан бізге суық тиіп қалмас үшін тағы арақ берді. Суға кеткенде өкпемдегі ауа сыртқа шықпай, су толмапты, сол маған көп көмек болды. Ертеңінде Ерланға суық тиіп ауырып қалды, біз ауырғанымыз жоқ. Тракторды жаз ортасында бірақ шығарып алдық. Көп бүлінбеді, су кірмеген, аздаған бөлшектерін ауыстырып қайта жүргіздік. Сол жердің тереңдігі төрт метрге таяу екен.

Қазіргі уақытта ағайынды Оқажановтар Алматы облысында немерелеріне қарап жүріп жатыр. Нұрақов Жұмаш Өскемен қаласында немерелерін бағып қағып, мектепке апарып, әкеліп, бақытты ғұмыр кешуде. Кітапханадан әңгіме кітап алып үнемі кітап оқиды. Бақытты әке, сыйлы ата, отбасының басшы, ақылшысы, жетпіс үштен асқан өте тың, қимылы ширақ. Міне, сол кездегі еңбек адамдарының ерлігі».

Талап Тұрсынов,

Өскемен қаласы                                                                                        

 

                                                                                            

 


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу