Қарлы қыс тақап қалды: Шығыс Қазақстан суыққа сақадай сай ма?
Синоптиктердің болжамынша, биыл Шығыс Қазақстан тұрғындарын нағыз қарлы қыс күтіп тұр. Желтоқсан әдеттегіден суық болса, қаңтардағы сары аяз қыспағынан кейін ақпан айында күн райы біршама жұмсарады. Боран мен сары аяздың бет қаратпас қаһарына өңірдің коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметтері толық дайын. Бұл туралы мамандар бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аймақ биылғы қысқы маусымды қиындықсыз өткізуге мүмкіндік беретін барлық қажетті ресурстарды әзірлеп қойған. 900-ден астам техника, мыңдаған тонна көктайғаққа қарсы материалдар және ондаған жылыту пункті дайын тұр. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Осындай құбылмалы ауа райына дайындық ерекше назарды қажет етеді. Сол себепті Шығыс Қазақстан облысында 2025–2026 жылдардағы күзгі-қысқы маусымға әзірлік барынша мұқият жүргізілуде.
Автомобиль жолдарын қысқы күтімге дайындау жұмыстары толық аяқталған. Барлығы 957 арнайы техника әзір, олар аймақтың климаттық ерекшеліктеріне қарай аудан-ауданға бөлінген. Республикалық маңызы бар жолдарға жауапты «КАЖсервис» филиалының 103 техникасының 95%-ы мінсіз күйде. Облыстық жолдарда «ОблШығысЖол» компаниясының 119 техникасы (93% дайындық), ал аудандық және қалалық көшелерде – тағы 735 техника жұмылдырылмақ.
Қорда – 140 мың литр жанармай, 50 тонна техникалық тұз, 800 тонна көмір және өзге де қажетті материалдар бар. 2500-ден астам бағдаршам бағаналары орнатылып, 1600-ден астам жасанды құрылыс пен 96 көпір тазартылған. Қар басу қаупі жоғары учаскелерде – Өскемен–Тарғын–Самар, Теректі–Ұрынхай–Төсқайың, Күршім–Қалжыр бағыттарында – қар ұстағыш қалқандар орнатылып, қар көшкіні қаупін азайту шаралары жүргізілуде.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында құтқару қызметтері де толық дайын. 7865 адамнан тұратын жеке құрам мен 913 түрлі техника тәулік бойы кезекшілікте. Аймақта 7 жылыту пункті және «Жедел медициналық көмек орталығының» трассалық-дәрігерлік бекеті (Привольное ауылында) жұмыс істейді.
Синоптикалық ескертулерге ерекше көңіл бөлінген. «Қазгидромет» филиалы мен ШҚО ТЖД өзара жедел байланыс орнатқан. Халық SMS-хабарламалар, «Darmen» қосымшасы, теледидар, радио және аймақ бойынша орнатылған 48 сирена арқылы жедел ақпарат алады.
Облыста мұз үстінде балық аулауға арналған 40-тан астам орын бар. Құтқарушылар қауіпсіздік шараларын түсіндіру үшін 110 профилактикалық рейд өткізіп, мыңнан астам жадынама таратты. Тұрғындарға мұзға тек тұрақты аяз орнаған соң ғана шығуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және мас күйінде балық аулауға қатаң тыйым салынатыны ескертілуде.
Алдағы уақытта өңірдің барлық қызметтерінің қысқы дайындық деңгейі «ҚЫС-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында тексеріледі. Онда мамандар боран мен қатты аяз кезіндегі іс-қимылдарды пысықтайтын болады.
Дмитрий Чжан