Желдіөзекте жер қалмай бара жатыр...
Өскеменнің Желдіөзек аумағындағы мұсылман зираты толуға жақын. 2009 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан 15 гектарлық бейіт аумағы енді бірнеше айда толық бітеді деген қауіп бар. Шырақшылар мен мешіт өкілдері қосымша 21 гектар жер бөлуді сұрап, жергілікті биліктен қолдау күтуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өмір – қайнап жатқан базар іспетті. Біреуді-біреу біліп болмайды. Қайшыалысқан адамдар. Біреу тойға, біреу қойға, енді біреулер ойға дегендей, жұрттың бәрі асығыс. Аялдауды қойып, аяңдауға уақыт жоқ. Бәріміздің санамызды: «Ана банкке барып, ала алмай жүрген несиемді ала қойсам. Әнеу бір жерлесіме берем дегенімді беріп қайтсам. Ана шаруамды ыңғайлап, мына бір істің басын қайырып тастасам, әне бір үлкен кісімен жолығып мәселемді шешіп алсам» деп келетін қым-қуыт мәселелер жаулап алған. Бір қайран қаларлығы, бұл мәселелер ешуақытта бітіп бермейді ғой. Өліп-талып, табаныңнан таусыла жүріп бірін бітірсең, екіншісінің құлағы қылтиып тұрады. Екіншісін апыл-ғұпыл тындырып тастасаң, үшіншісі жыртиып тұрады. Күнде осы, күнің не, айлап-жылдап бір-біріне жалғасып кете береді, кете береді.
БЕЙІТКЕ БАРСАҢ, ТӘУБӘҢА ТҮСІП ҚАЙТАСЫҢ
Осындай шабыспен сіңбіруге мұршаң болмай шапқылап жүргеніңде, ойламаған жерден бар шаруаңды ысырып қоя тұрып, міндетті түрде бармасқа болмайтын, маңызды науқандар болады. Соның бірі – кісі өлімі.
«Өмір бар жерде, өлім бар. Ақиқаты осы» деп аталарымыз текке айтты ма? Біреудің туысы, біреудің құдасы, енді біреуіміздің танысымыз, досымыз дегендей, татар дәм-тұздары таусылғасын о дүниеге аттанып жатады.
Жасырып-жабары жоқ, жарық дүниеден өткендердің мәңгілік мекеніне айналған «қала сыртындағы қалашыққа» жиі-жиі барып тұруға ешкім де құштар емес. Бірақ, бару керек болғасын, амал жоқтықтан барасың. Бейіт – көңіл көтеретін ойын-сауық орыны немесе сауда-саттық жасап қайтатын базар емес. Ол жерге құлазып барып, құлазып қайтасың.
Себебі, ол жерде сені жарық дүниеге әкелген ардақты әкең мен аяулы анаң жатыр. Кеше ғана ойнап-күліп бірге жүрген бала күнгі досың, бірге оқыған сыныптасың, тірлікте «шәй» деспеген құда-жегжатың, әзілі жарасқан бажаң мен жездең дегендей, қысқасы өлімді қойып, өкпеге қимайтын адамдарың жатыр.
Бейіт басына өмірден қайтқан адамға топырақ салып қана барып-қайтпайсың. Дүниеден озған жақындарыңды, қимас достарыңды есіңе алып, мына жалған дүниенің жалған екендігіне тағы бір мәрте көзіңді жеткізіп, аз да болсын тәубаңа түсіп қайтасың.
Біздің қазақ халқының салт-дәстүрінде өлген адамдарға, олардың рухына, басына қойылған мазарына деген құрмет ерекше. Өзіміз де барған сайын зират басына өсіп кеткен арам шөптерді жұлып, маңында тал-терек немесе өскен гүл болса суарып жатамыз...
Көп бола қойған жоқ, таяуда Желдіөзектегі қалашыққа тағы бардық. Тағы да бір қимас азаматымызды мұсылмандық жолмен марқұмның жаназасына қатысып, топырақ салып, соңғы сапарға аттандырып қайттық...
Таяуда ғана жерленген, әлі басы көтеріле қоймаған жас бейіттерден көзің сүрінеді. Көптігі соншалық, құдды бір соғыс туралы киноларда көрсететіндей, «Әлдебір қандықол қарақшылар осыншама халықты қырып тастаған ба?!» деп қаласың. Ал, енді бір ғана Өскеменнің Желдіөзек (Самсоновка) зиратындағы өлім-жітімнің қарқынына қарап тұрып, жағаңды ұстамасқа амалың қалмайды екен.
Әсіресе, қабір қазушылардың: «Ковидтің кезінде күніне төрт-бес адамға қабір қазғанбыз» дегендерін естіп, шалқамыздан түсе жаздадық. Енді олар өтірік айтпайды ғой...
Осылайша жалғасын таба беретін болса, енді бір төрт-бес айда Өскемен қалалық әкімдігінің жарлығымен 2005 жылы қазіргі «Мұсылман зиратына» деп бөлініп, 2009 жылдың тамызынан бастап қоршаумен қоршалып, пайдалануға берілген 15 гектар жердің түгесілетін түрі бар. Енді қайтпек керек?
Жалпы, осы Желдіөзектегі мұсылман зиратының қашан ашылып, қанша жер бөлінгендігі, оған кімдердің мұрындық болғандығы жайында «Дидар» газеті бұған дейін жазған. Сол кездегі бейіттің бас шырақшысы Бауыржан Тоқтарбекұлының айтуынша, қазіргі мұсылман бейітінің иелігіндегі 15 гектар жер әу баста «15-20 жылда толуы мүмкін» деп болжанған. Өлім-жітімнің тым көбейіп кеткендігіне қарағанда, бұл аумақ алдымыздағы ақпан әрі кетсе наурыз айына дейін толықтай пайдаланып болмақ. Сол жолы шырақшы:
БЫЛАЙҒЫ ЖҰРТ ЕШТЕҢЕ ДЕ БІЛМЕЙДІ
Осы мәселенің бүгінгі мән-жайын білмек боп баяғы танысымыз, мұсылмандар зиратының бас шырақшы Бауыржанға хабарласқан едік. Оның айтуынша айына орта есеппен 25-30 адам жерленеді екен. Ал, төрткүл дүниені дүр сілкіндірген атың өшкір ковидтің кезінде бұл көрсеткіш 70-80-ке дейін жеткен көрінеді. Бір қыста орта есеппен 180-200 адам қаза тапса, ковидтің кезінде бұл көрсеткіш 350-400-ге дейін көтеріліп кетіпті.
Бір өкініштісі, «Қайтыс боп жатқандардың басым көпшілігі 35 пен 45-тің арасындағы тепсе темір үзетін азаматтар» дейді сол жердің тазалығына, басы көтерілетін бейіттердің біркелкілігі мен тәртібіне алаңдап жүретін әрі бірден-бір жауапты шырақшы.
«15-20 жылға жетіп қалады» деп жобалаған Желдіөзектегі мұсылман зиратының межелі уақытынан ерте толып қалуына Согра, Прапорщикова, Нұрлы көш ауылдарында мекен етіп жатқан өз қандастарымыздың да үлесі зор көрінеді.
Тірілерден гөрі өлілердің қамын көбірек ойлайтын Баукең бұл мәселеге де қол қусырып қалмай, бел шеше араласып, Ұлан, Глубокое аудандарының әкімдеріне жолығып, согралық мұсылмандарға Радужный селосынан, Прапорщиковада сол маңдағы шаруа қожалығынан 8 гектар жер қостырып, Нұрлыкөштегі ағайынға Герасимовка қасынан жер бөлдіріп беріпті. Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік деуге болатын әрекет.
Бұл жайттан Өскемендегі Мұхамади мешітінің бас имамы Ибрагим қажы да құлағдар екен. Ол кісі мынадай бір елең етерлік әңгіме айтты. Сексенінші жылдарға дейін кез келген елді мекеннен зираттық жер бөлінгенде, сол бөлінген жердің көлеміндей жер қосалқы жер ретінде (резерв) артығымен бөлініп, кейін уақыты келгенде пайдалануға берілетін көрінеді.
Мұсылман зиратына қолайлы деп жүрген 35 гектар жердің 14 гектары Ұлан ауданы әкімшілігіне тиесілі боп шықты. Сонда Өскеменге бұйыратыны 21 гектар. Осының өзі үлкен қолдау болар еді. Осы 21 гектар жерді мұсылман зиратына беріп, жерін тегістетіп, аумағын қоршаса жаман болмас еді.
Бауыржан Тоқтарбекұлының айтып жүргені елдің игілігіне бағытталған өте маңызды мәселе. Анда-санда топырақ салуға баратын былайғы жұрттың ненің не екендігінен хабары да жоқ. Тіпті осы мұсылман зиратында дүниеден озған марқұмдарды жерлейтін қанша орын қалғандығын да білмейді. Білмегесін, білмейтін шаруаға араласып шаруалары қанша?
Сол асығыс қауымның қақ ортасында өзіміз де жүрміз. Асыға жүріп күндердің күнінде сол Желдіөзек жаққа баратынымызды ішіміз де сезеді...
P.S. Бауыржан Құсайыновтың шыр-пыр боп көтеріп жүрген мәселесінен Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышев та хабардар болып шықты.
Серік Құсанбаев