Шүлбінің жағасы әжетханаға айналып барады (ВИДЕО)
Шүлбі су қоймасының жағалауы әжетханаға айналып барады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Редакциямызға айтылып-жазылып жатқан Шүлбі су қоймасының жағалауына қатысты арыз-шағымдардың шынайылығына көз жеткізу үшін демалыс базасына біз де барып қайтқан едік.
Ұзын-сонар кезекті артқа тастап «Жанай» базасына да кірдік. Расымен демалушылар саны көп, ал әжетхана біреу ғана.
– Отбасымызбен Шүлбі су қоймасына демалуға келгенбіз. Орман ішін аралайық десек аяқ алып жүре алмайсың. Амал жоқ қайттық. Неге дейсіздер ғой? Әжетхана біреу ғана. Оның өзі аянышты жағдайда. Осыдан кейін демалушылардың орманға барудан басқа амалдары қалмағандай, – дейді демалушы Жанар Сәрсенбина.
Осы мәселеге байланысты біз «Семей орманы» резерватына хабарласан едік.
– Орман үнемі бақылауда. Кеше ғана барып жинап қайтқанбыз. Бірақ күнделікті келген демалушылар осылай шашып кетеді. Ол жердегі демалыс базалары жерді 49 жылға жалға алған. Әрине, біз енді тиісті шараларды қолға аламыз. Әжетханалардың санын көбейту жайлы бұйрық шығарамын, – деді «Семей орманы» резерватының бөлім жетекшісі Ғани Көксегенұлы.