«Ауыл аманаты»: Зайсан ауданында ауыл кәсіпкерлерінің 43 жобасы қолдау тапты
Зайсан ауданы — тіршілігі тоқтамаған, ең басты күнкөріс көзі мал шаруашылығы болып табылатын құтты мекен. Жергілікті халықтың тұрмыс салты мен өмір дағдысы да осы кәсіппен тығыз байланысты. Соңғы жылдары аудан тұрғындарын қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлігін кеңейтуге тың мүмкіндік ашып, жеке ісін бастағысы немесе дамытқысы келген азаматтарға қолжетімді қаржылық қолдау тетігіне айналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, 2023–2025 жылдар аралығында Зайсан ауданында аталған бағдарлама аясында жалпы сомасы 292,086 млн теңгені құрайтын 43 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Бұл бастама аудан экономикасының табиғи құрылымына сай, ең алдымен мал шаруашылығын дамытуға бағытталды.
2023 жылы 32 жоба жүзеге асып, 176,4 млн теңге несие берілді. Алынған қаражатқа жергілікті шаруалар 88 бас жылқы, 313 бас ірі қара және 1000-ға жуық құс сатып алды. Бұл тұрғындардың жеке кәсібін тұрақтандыруға, отбасы табысын арттыруға және ауданның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ауқымды қадам болды. Нәтижесінде 32 жаңа жұмыс орны ашылып, аудан бюджетіне салық түсімі ұлғайды.
Бұл жобалар өңір үшін маңызды бағыттарды қамтыды. Мәселен, Зайсанда қолөнер мен шағын өндіріс қайта жанданып келеді. Терезе жасау, металл есік шығару, құрылыс материалдарын өндіру сынды кәсіп түрлері жолға қойылып, жергілікті кәсіпкерлер өз істерін дөңгелете бастады. Мұндай өндіріс орындары тек нарық үшін ғана емес, шалғай аудан үшін де аса қажет – жұмыс орны, тұрақты табыс көзі және әлеуметтік тұрақтылықтың тірегі.
Білім беру саласында да оң өзгерістер бар. «Күншуақ 2023» жеке орталығы мектепке дейінгі тәрбие ісін жандандырып, аудан балаларына жаңа форматтағы тәрбиелеу кеңістігін ұсынып отыр. Жоба толық іске қосылып, бүгінде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2025 жылдың шілде айында Ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Өскемен Атамекен» шағын қаржы ұйымының мамандары жобалардың жүзеге асу барысына мониторинг жүргізіп, оң баға берген.
– Биыл да бағдарлама аясында жалпы құны 53,96 млн теңгені құрайтын 6 жоба мақұлданды, – дейді әкімдікте. – Бұл жолы салалар ауқымы кеңейді: балық өнімдерін сақтау және мұздату, тіс емдеу кабинетін ашу, май және ұн тарту цехын жабдықтау, аяқ киім өндірісін жолға қою, жоғары жылдамдықты интернет желісін енгізу және жем тарту цехын іске қосу. Жобалар аудан өміріне қажетті нақты сұраныстарды шешуге бағытталған.
Зайсан ауданында кәсіп бастау мен оны дамыту – бір күндік іс емес. Ол үшін жергілікті тұрғындардың жауапкершілігі, білім мен біліктілікке ұмтылысы, сондай-ақ туған жерін көркейтуге деген ортақ ықыласы қажет. «Ауыл аманаты» бағдарламасы сол ұмтылыстың қолдау тетігіне айналып отыр. Бағдарлама аудандағы экономикалық белсенділікті арттырып, ауылдық жерде кәсіп жасаудың жаңа тәжірибесін қалыптастырып келеді.
Айдос Мырзахметов