KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
513.55 602.09 6.42

Волейболдан қыздар арасында Қазақстанның Күзгі чемпионаты басталды

14.11.2025, 14:00 272 Базарова Айгүл

Өр Алтайдың төрінде 13–20 қараша аралығында 2011–2012 жылы туған волейболшы қыздар арасында Қазақстан Республикасының Күзгі чемпионаты өтуде. Бүгін жас спортшылардың талпынысы мен ерік-жігерін айқын көрсеткен салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл доданың ауқымы биыл айрықша. Еліміздің түкпір-түкпірінен 14 команда жиналып, бір алаңда бас қосты. Семейден Абай облысының құрамасы, елорданың екі мықты ұжымы — Астана қаласы спортты дамыту дирекциясы мен №5 олимпиадалық резерв мектебі, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан келген жасөспірімдер жеңіс жолында бақ сынамақ.

Шығыс Қазақстан биыл жарысқа екі команда қосып, өңірдегі волейбол мектебінің әлеуетін тағы бір дәлелдеп отыр.

— Бүгінгі ел көлеміндегі үлкен жиынға 200-ге жуық спортшы, 50-ге тарта бапкер мен төреші келді. Барлық команда Қазақстан Республикасының Чемпионы атағы үшін таласады. Бұл турнирден суырылып шыққан үздіктер кейін ұлттық құрама сапына жолдама алуы мүмкін. Спортшыларға тек жеңіс тілейміз. Өңірімізде волейболға қолдау жоғары, сондықтан жарыстың сәтті өтетініне сенімім мол, — деді ШҚО волейболдан мамандандырылған БЖОРАМ директоры Болатбек Даумов.

Ашылу салтанаты көтеріңкі көңіл күй сыйлап, әр команда салтанатты шеру арқылы сахнаға шықты. Чемпионат — жас буынның кәсіби шыңдалуына, шыдамдылық пен шеберлік мектебінен өтуіне мүмкіндік беретін үлкен алаң. Мұндай республикалық жарыстар жасөспірімдерге тәжірибе жинап, командалық рухты терең сезінуге жол ашады.

Өскеменнің бұл доданы қабылдауы да заңдылық. Шығыс Қазақстан облысы спорттық инфрақұрылымы мен балалар-жасөспірімдер спортын дамыту бағытындағы тың жұмыстары арқылы еліміздегі жетекші орталықтардың қатарында. Бүгінгі волейбол мерекесі — соның жарқын дәлелі.

Алдағы жеті күн бойы тартысты ойындар тоқтамайды. Әр команда өз мүмкіндігін толық көрсетіп, барын салмақ. 20 қараша күні қорытынды шығарылып, осы жас санатындағы Қазақстанның ең мықты командасы анықталады.


Айдос Мырзахметов 

Жалғас Сакадиев 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу