Маралдыдағы ахуал: әлеуметтік желідегі ескі видеолар мен бүгінгі шынайы жағдай
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясы барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановқа өңір дамуына қатысты жолданған сауалдар қарасы мол болды. Соның бірі Күршім ауданындағы Маралды ауылындағы жағдайларға қатысты қойылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– Маралдыдағы жағдай қалай? Соңғы кезде әлеуметтік желіде түрлі видеолар тарап жүр, бұған не дейсіз?, – деді әріптесіміз.
– Мәселе менің жеке бақылауымда. Қазір жағдай тұрақты. Малға қатысты да сараптамалық талдау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесін күтіп отырмыз. Бірақ, су мен топырақ сынамаларынан қандай да бір зиянды заттар табылған жоқ. Біз зерттеу қорытындысын күтіп отырмыз. Желтоқсан айында шығу керек.
Бұл жерде мынаны жақсы түсіну керек. Біріншіден, кәсіпорын ресми жұмыс істеп тұр, тиісті салық және әлеуметтік міндеттемелерін орындауда. Маралдының проблемалық мәселелерін әкімдік пен кәсіпорын бірлесіп шешуде. Ауылдың 30-ға жуық азаматы жұмыспен қамтылды.
Екіншіден, ауылішілік жолдар, әлеуметтік нысандар жөнделіп келеді. Қыс мезгілінде тегін көмір, басқа да әлеуметтік қолдау шаралары қабылдануда.
Үшіншіден, алтынды заңсыз түрде өндіріп, табиғат пен мемлекетке үлкен зиян келтірушілердің жолы кесіле бастады. Осыны да ұмытпау керек. Төртіншіден, Маралды ауылдық округінің әлеуметтік саласын дамытуға алдағы бес жылға 2,5 млрд. теңге жұмсау жоспарланып отыр.
Ал бейнетаспалар менің брифингімнің алдында белсенді таратылды. Оның барлығы 2-3 жыл бұрынғы материалдар. Бүгінгі күнге қатысы жоқ.
Президентіміз үнемі «Заң мен тәртіп» бірінші орында екенін айтады. Біз барлық мәселені тек қана заң аясында шештік, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Дәурен Аллабергенұлы