KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 4 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

Медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны қатаңдату туралы заң жобасы Мәжілісте қаралады

21.11.2025, 17:30 179 Базарова Айгүл

Мәжіліс медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны қатаңдату туралы заң жобасын қарайды. Бұл туралы бүгін Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz.

ҚР Мәжілісі жариялаған ақпаратқа сай, бірінші оқылымда медицина қызметкерлеріне физикалық зорлық-зомбылық пен қатыгездік көрсеткені үшін жазаны қатаңдату жөніндегі Президент тапсырмасын орындау үшін әзірленген депутаттардың түзетулері қаралады.

Қылмыстық кодекске медицина мамандары мен жедел жәрдем жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін жауапкершілік жүктейтін нормалар енгізіледі. Құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай айыппұл мен бас бостандығын шектеуден бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылады.

Екінші оқылымда депутаттар Құрылыс кодексі жобасын талқылайды. Құжаттағы қала құрылысы саясатының нормалары нақтыланып, құрылыстың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талап күшейеді, сондай-ақ цифрлық рәсімдер мен жария талқылау тетіктері кеңейеді. Бұдан бөлек, ғимараттардың негізгі құрылымына кепілдік мерзімін екі жылдан он жылға дейін ұзарту ұсынылады.

Жалпы отырыста Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы, сондай-ақ банк секторының тұрақтылығын арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған банктер және банк қызметі туралы заң жобалары екінші оқылымда қаралады. 


Фото: ҚР Мәжілісі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу