KZ
Өскемен
-20°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, С
517.66 606.49 6.44

Өскеменде бір күнде бес бірдей ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды

22.11.2025, 17:00 175 Базарова Айгүл

Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтары бүгін облыс орталығының бірнеше аумағында өткен жәрмеңкелерден сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Ең ауқымды жәрмеңке дәстүр бойынша «Алтай» көтерме-тарату орталығы алаңында өтті. Мұнда Марқакөл ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ет, сүт өнімдері мен бал ұсынды, деп хабарлайды Altainews.kz.

Айта кетейік, осы аптада «Туған жер – алтын бесігім!» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының орталығында Марқакөл ауданының мәдени күндері өтуде. Кеше облыстық филармония фойесінде ауданның тарихы мен тыныс-тіршілігін танытатын көрмелер ашылып, шығармашылық ұжымдар әсерлі концерт қойды. Ал бүгін марқакөлдік шаруалар өз өнімдерін жәрмеңкеге шығарды.

Аудан өндірушілері жәрмеңкеге ерекше дайындықпен келген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа құрылған Марқакөл ауданы жәрмеңкеге мұқият дайындалған. Өз өнімдерін Марқакөл, Қалжыр, Ақбұлақ, Боран және Төсқайың ауылдық округтеріндегі алты шаруашылық ұсынды.

«Біз жәрмеңкеге 2,5 тонна сиыр және жылқы еті, 2 тонна қой еті, 75 келі табиғи май, 60 келі құйрық май, 55 келі ірімшік, 50 литр қаймақ пен кілегей әкелдік. Бағалар қолжетімді, өнімдер жаңа – сауда қызу жүріп жатыр. Халықтың көп келіп жатқаны қуантады, өніміміз көңілдерінен шығады деп сенемін», – деді Марқакөл ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Бейсенов.

Жәрмеңкелер қаланың бес ауданында ұйымдастырылды. Өскемендіктер үшін өнімді сатып алуға міндетті түрде «Алтай» орталығына барудың қажеті болмады, өйткені бүгін қаладағы бірнеше шағын ауданда да жәрмеңкелер өтті. Қала мен жақын аудандардың тауар өндірушілері өнімдерін бес алаңда саудалады.

Сауда таңғы 8:00-ден 15:00-ге дейін мына орындарда жүргізілді:

• ТД «ДосНар» (Виноградов көшесі, 17а)

• ТД «Керуен» (ЖМК ықшам ауданы, Өтепов көшесі, 3)

• ТД «Валентина» (Согра шағын ауданы, Б.Шаяхметов көшесі, 13)

• Теміржолшылар паркі маңы (Защита шағын ауданы, Тынышпаев көшесі, 122)

Қолайлы баға – бұл жәрмеңкелердің басты артықшылығы.

«Біз сиыр етін 3300–3500 теңге аралығында, қойдың қабырға-жауырын тұстарын 3300 теңгеден, ал артқы бөлігін 3400–3600 теңгеден ұсынып отырмыз. Келгендер бағаларға таң қалып, қайта сұрап жатады. Өйткені базардан әлдеқайда төмен», – дейді «Валентина» СҮ жанындағы жәрмеңкеде өнімін саудалап тұрған Алена Соломина.

Ал шошқа етін сатқан Алексей Загородский келісін 2300–2400 теңгеден сатып отыр екен.

«Бүгін 150 келіден екі дана әкелдім. Сауда жақсы, барлығы өтіп кететін сияқты. Тіпті аз алып келгеніме өкіндім, келесі жолы көбірек әкелемін», – деді.

«ДосНар» маңындағы жәрмеңкеде үй құстары ерекше сұранысқа ие болды. Ұлан ауданынан келген кәсіпкер қаз-үйрек, тауықтар жақсы өткенін айтады.  

«Тауықты 2500 теңгеге, ал күркетауық пен үйректі 4000 теңгеге сатамыз. Өніміміз сапалы, халық біледі, бағалайды. Бұл жәрмеңкенің пайдасы зор, тағы да келеміз», – деп бөлісті ол.

Өскемендік тұтынушы Игорь Черкасов та мұндай жәрмеңкелердің өзіне ұнайтынын айтып ағынан жарылды.

«Бағасы қолжетімді, таңдау көп – ең маңыздысы осы. Сенбі сайын өтетіні де өте ыңғайлы. Бүгін сүт пен сүзбе алдым. Ет бағасының 3500 теңгеден аспағанына қуандым», – деді ол.



Дмитрий Чжан 

Фото: Жібек Нұрахмет 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу