Елімізде қонақ үйлерге «жұлдыз» беру тәртібі өзгереді
Қазақстанда қонақ үй индустриясын дамыту мақсатында «жұлдыз» беру жүйесі қайта қаралып, туристік инфрақұрылымды қолдау шаралары кеңейтіледі. Жаңартылған талаптар халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, қызмет сапасын арттыруға бағытталған түзетулер Мәжілісте қаралып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігіның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Туризм және спорт министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында туристік қызмет сапасын арттыру, нормативтік базаны жетілдіру және саланың бәсекеге қабілеттілігін күшейту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Сол түзетулердің бірі – қонақ үйлер мен орналастыру объектілерін санаттау жүйесін жаңғырту.
Қолданыстағы санат беру ережелері 2008 жылы бекітілген және бүгінгі халықаралық талаптарға сәйкес келмейді. Жаңа жүйе бағалау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етіп, отандық қонақ үйлердің сапалық деңгейін көтеруге және саладағы әділ бәсекені қалыптастыруға бағытталған.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың қыркүйегінде елде 4 442 орналастыру нысаны тіркелген. Алайда олардың небәрі 112-сі ғана ресми түрде «жұлдыз» санатына ие. Мұндай төмен көрсеткіш апелляция тетігінің жоқтығынан, талаптардың орындалуына жүйелі бақылаудың әлсіздігінен және жұлдызды санатты өздігінен иелену тәжірибесінің кең таралуынан туындайды. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың сенімін төмендетіп, нарықтағы сапа стандарттарын бұзады.
Жаңғыртылатын санаттау жобасында Hotelstars Union халықаралық стандарттарына бейімделген нақты критерийлер енгізіледі. Бұған қоса, министрліктің құзыретін кеңейту, инспекторларды арнайы оқыту және салалық мамандар даярлау қарастырылған.
Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін қонақ үй қызметтерінің сапасы айтарлықтай артады, туристердің қанағаттану деңгейі жоғарылайды, қазақстан халықаралық туристік бағыт ретінде тартымды бола түседі, орналастыру нысандарының ресми санатқа қатысу үлесі көбейеді.
Мұндай тәсілдің тиімділігін Германия, Грекия, Аустрия, Жаңа Зеландия сияқты мемлекеттердің тәжірибесі дәлелдеп отыр. Бұл елдерде санат беру ұлттық немесе салалық ұйымдар арқылы жүргізіліп, ашықтық пен бірізділікке қол жеткізілген.
Сонымен қатар Қазақстанда туризм инфрақұрылымын жаңарту және қызмет сапасын арттыруға бағытталған қолдау шаралары да қатар жүзеге асырылуда. Олардың ішінде тау шаңғысы курорттарына арналған техника шығындарын өтеу, жол бойындағы сервис нысандарын салуға қолдау көрсету, туристік автобустар сатып алуды субсидиялау, туроператорлар шығындары мен әуе билеттерінің құнын субсидиялау, санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға қаржы бөлу бар.
Бұл шаралар ішкі туризмнің дамуына, туристік өнімдердің сапасының артуына және қызмет көрсету саласының бәсекеге қабілеттілігінің нығаюына жол ашады.