Катонқарағай: өзгерістерге толы кезең
Шығыс Қазақстанның шекаралық аумағын дамытуға серпін берген маңызды қадам – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауданға дербес мәртебе беру, әлеуметтік-экономикалық саланы, өмір-тіршілік инфрақұрылымын дамыту, халықаралық әуежай салу жөніндегі тарихи шешімдері. Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсембаевтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдар күнделікті жұмысында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын басшылыққа алып, өзекті мәселелерді шешу, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында тұрғындармен тиімді байланыс пен тікелей диалог орнатуға ерекше мән береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сонымен қатар осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға тартылған жеке инвестициялар көлемі 24 млрд теңгеге жетіп, былтырғымен салыстырғанда бес есеге көп болды. Өткен 9 айда ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі артты, 4 088 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 164 пайызды құрады.
ҚҰРЫЛЫС ҚЫЗУ ЖҮРІП ЖАТЫР
Әкімнің айтуынша, биыл ауданда құрылыс саласы айтарлықтай жанданды. Бұл ауданға алғаш рет келгендерге де, мұндағы жергілікті тұрғындарға да анық байқалады.
Аудан орталығында үш көппәтерлі тұрғын үй жөнделді. Өткен жылы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жалпы ауданы 1755 шаршы метр болатын 24 пәтерлік 12 үй салынып, пайдалануға берілген. Биыл ауданның әртүрлі ауылында 12 пәтерлік алты тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.
ӘУЕ ҚАҚПАСЫ ҚАШАН АШЫЛАДЫ?
Былтыр Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Катонқарағай ауданы аумағында бұрын-соңды болмаған халықаралық әуежай салу жөнінде маңызды міндет жүктеген-ді.
Катонқарағай – туристік аймақ, оның ішінде Қаракөл көлі зор әлеуетке ие. Алайда бұл бағыттағы бір мәселебар. Атап айтсақ, Ақберел өзенінің үстіндегі жарты ғасыр бұрын салынған ағаш көпір тозып тұр. Катонқарағай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Қаракөл көліне апаратын автожолдағы осы көпірді реконструкциялаудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледі. Жобаның жалпы құны – 592 миллион теңге. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын бастау үшін облыстық бюджеттен 176 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.
ТОПҚАЙЫҢДЫҚТАР ТАЗА СУҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ
Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін ең алдымен тіршілік инфрақұрылымын дамыту қажет. Мысалы, Республика күні қарсаңында Топқайың ауылында су құбыры желілері пайдалануға беріліп, жергілікті жұртшылық бір қуанып қалды.
Сондай-ақ Катонқарағай ауылында жаңа спорт-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Оның құрылысы да ұзақ уақытқа созылып кеткен еді. Нысанды салуға кіріскен мердігер жауапсыздық танытып, құрылысты аяқтамай тастап кеткен. Тұралап қалған құрылыс жұмыстарын «Alash qurylys QZ» мердігер компаниясының жергілікті кәсіпкерлері өз қолдарына алып, соңына дейін жеткізді.
Бұдан бөлек, Катонқарағай ауылында су құбырлары мен нысандарын жаңарту бойынша ауқымды жоба аяқталуға жақын. Жалпы құны – 4,4 миллиард теңге. Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 76 шақырым. Су жүйелері толық тартылып бітсе, аудан орталығындағы мыңнан астам тұрғын таза ауызсумен қамтылады.
КҮНГЕЙДЕН КӨШ КЕЛДІ
Биыл еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен қоныс аудару бағдарламасы аясында Катонқарағай ауданына квотамен тоғыз отбасы, жалпы саны 24 адам көшіп келді. Тағы 50 адам шекаралық ауданға қоныс аударуға дайын, қазір квота күтуде.
Биыл қазан айында Шымкентте өткен «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесінің нәтижесінде Шымқаланың өзінен 68 отбасы, сондай-ақ Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан 24 отбасы ауданға көшуге ниет білдірді.
Аудан әкімінің мәліметінше, осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Катонқарағай ауданының салалық құрылымы Шығыс Қазақстан бойынша «Үздік мансап орталығы» атағына ие болып, облыс басшылығының атынан сый ретінде қызметте пайдалану үшін «Chevrolet Cobalt» автокөлігін алды.
«РАХМАНҒА» АПАРАР ЖОЛ ЖӨНДЕЛУДЕ
Осы жылы Катонқарағай ауданында алты жол жөндеу жобасы жоспарланған. Жалпы, оларды жүзеге асыруға 1,35 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда, аудандық маңызы бар жолдарда туристік нысандарға баратын бағыттарға және еліміздің ең қиыр шығысындағы елді мекен – Аршаты ауылына апаратын автожолдың 0-12 шақырымдық бөлігіне асфальт төселді.
Орташа жөндеу республикалық маңызы бар Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары автожолының 437-450 шақырымында да жүргізілді. Айта кету керек, «Рахман қайнары» шипажайына дейінгі жолдың күрделі жөндеуі келесі жылы толық аяқталады.
Жол-құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыру үшін биыл ауданда асфальт-бетон зауыты салынып, пайдалануға берілді. Оның өндірістік қуаты – сағатына 80 тонна дайын асфальт.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, Катонқарағай ауылында көше шамдарын орнатуға 30 миллион теңге бөлінді. 34 арнайы және 60 қарапайым баған орнату, сондай-ақ 78 шамдалдың сымы мен шамдарын ауыстыру көзделген. Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде.
ТУРИЗМГЕ БАСТЫ НАЗАР
Ресми статистикаға сәйкес, өткен жылы Катонқарағай ауданына шамамен 150 мың турист келген. Ал биыл олардың саны 200 мыңға жуықтады.
Туризмді дамыту мақсатында қазір ауданда төрт ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда: Ақшарбақ ауылындағы «Верх-Катунь» пантамен емдеу орталығы кеңейтіліп, Аршаты ауылында «Altay Resort» курорты, Өрел ауылы маңындағы «MuzTau» эко-отелінің аумағында мейрамхана салынып жатыр.
Катонқарағай ауылында «Altay Terra Resort» туристік кешені салынуда. Сонымен бірге, қыркүйек айында Өскеменде өткен «Altai Invest 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында шетелдік «Altai Taihe Real Estate Development Company Ltd» компаниясымен жалпы құны 8 миллиард теңгелік жобаны іске асыру жөнінде келісім жасалды, сондай-ақ «Pana Asia» компаниясымен 6 миллиард теңгеге туристік қалашық салу туралы меморандумға қол қойылды.
Катонқарағай ауданында туризмнің дамуына «Ауыл аманаты» бағдарламасы да серпін беріп отыр. Биыл осы бағдарлама бойынша жалпы сомасы 246 миллион теңге болатын 18 жоба мақұлданды.
Данияр Дүйсембаевтың айтуынша, Катонқарағай ауданындағы туризмді жедел дамытуға ерекше ықпал еткен фактор – Мемлекет басшысының халықаралық әуежай салу туралы шешімі. Жаңа әуе айлағы Астана, Алматы, Өскемен, Семей бағыттары бойынша ішкі рейстерді, сондай-ақ Қытайдағы Қанас пен Алтай, Моңғолиядағы Бай-Өлке бағыттары бойынша халықаралық рейстерді қабылдап, жөнелтетін болады.
Таир Сапаргалиев
Аударған; Ержан Әбіш
Фото: Махаббат Ахметжанова












