KZ
Өскемен
-2°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, З
502.57 591.68 6.42

Биыл Шығыс Қазақстанда өкпе обырының 228 жаңа жағдайы тіркелген

25.11.2025, 18:45 154 Базарова Айгүл

Өкпе обыры – бүгінгі медицинаның ең күрделі сын-қатерлерінің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жыл сайын әлемде 2 миллионнан астам адам осы ауруға шалдықса, онкологиялық өлім-жітімнің алдыңғы қатарында тұрған да – дәл осы дерт. Жыл сайын 1,8 миллион адамның өмірін жалмайтын рак түрі әрбір алтыншы онкологиялық өлімнің себебі болып отыр. Яғни, онкологияда алғаш анықталатын әр тоғызыншы ісіктің өкпе қатерлі ісігі болуы – бұл аурудың ауқымын ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті де айқындайды. Осындай өзекті мәселелерді талқылауға арналған брифинг Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында өтті. Мұнда өңірдегі өкпе обырының қазіргі ахуалы, оны ерте анықтау жолдары және жаңа емдеу технологиялары таныстырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазақстандағы жағдай: қауіп жоғары, ал уақыт – басты фактор

Дәрігерлер өкпе обырының ең үлкен себебі дер кезінде дәрігерге қаралмау екенін айтады. Қазақстанда жыл сайын шамамен 3,5 мың адам осы кеселге шалдығады. Өкінішке қарай, олардың 2 мыңнан астамы өмірден өтеді. Бұл – тәулігіне 6–7 адамның өкпе қатерлі ісігінен көз жұматынын білдіреді.

Бұл статистика медицина мамандарын ғана емес, әрбір азаматты ойландыруы тиіс. Өйткені обырдың бұл түрі тым ұзақ уақыт бойы еш белгісіз өтуі мүмкін, ал алғашқы симптомдар байқалған кезде дерт жиі асқынып үлгереді.

Шығыс Қазақстандағы ахуал

2025 жылдың 10 айында ШҚО-да өкпе обырының 228 жаңа жағдайы тіркелген. Бұл – 100 мың тұрғынға шаққанда 31,6 көрсеткіш, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда шамалы ғана өзгеріс бар (2024 жылы – 229 жағдай). Дегенмен бұл тұрақтылық қауіптің азайғанын білдірмейді: өңірде өкпе обыры онкологиялық аурулар құрылымында әлі де үшінші орында.

Науқастардың басым бөлігі – 40–80 жас аралығындағылар. Ең жиі анықталатын жас кезеңі – 60–69 жас. Бұл, бір жағынан, өмір сүру ұзақтығының артуына байланысты болса, екінші жағынан, темекі шегудің ұзақ мерзімді салдарын көрсетеді.

Соңғы айларда өлім-жітім көрсеткішінің төмендеуі байқалады. 2025 жылы 125 өлім жағдайы тіркеліп, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 6,9%-ға азайған. Соған қарамастан, өкпе қатерлі ісігі өлім-жітім бойынша өңірде бірінші орында қалып отыр.

Ерте диагностика – ең қуатты қару

Биыл өкпе обырының 65 ерте жағдайы (1–2 сатылар) анықталған. Бұл – барлық науқастардың 31,3%-ы. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім айқын: 2024 жылы ерте анықталғандары 20,1% ғана болған.

Ең күрделі кезең – IV саты: биыл оның саны азайып, 33 жағдай тіркелген (2024 жылы – 39). Бұл – жақсы динамика. Алайда мамандардың айтуынша, «ерте анықталу көрсеткіші қанша өссе де, әр бесінші пациенттің ауруханаға тым кеш келуі – әлі де шешімін таппаған мәселе».

«Төмен дозалы компьютерлік томография – өкпе обырын ерте анықтаудағы ең тиімді әдістердің бірі. Халықаралық зерттеулер бұл технология тәуекел тобына кіретіндер арасында өлім-жітімді 40%-дан артық төмендететінін дәлелдеді», – дедіШҚО көпсалалы Онкология және хирургия орталығының онкологы, торакалды хирург-дәрігері Тілеубек Нұрғалиев.

Төмен дозалы компьютерлік томография бірнеше миллиметрлік ісіктерді де көрсете алады. Бұл кезде адам өз денесіндегі өзгерісті әлі сезбейді, симптомдар жоқ, бірақ диагноз қойылады – ерте кезеңде. Дертті жеңудің басты шарты да осы.

2026 жылдан бастап – Ұлттық скрининг

Қазақстанда 2026 жылдан бастап өкпе обырын анықтауға арналған Ұлттық Төмен дозалы компьютерлік томография - скрининг бағдарламасы іске қосылады. Ол 55–80 жас аралығында шылым шегетін немесе бұрын шеккен азаматтарды қамтымақ.

Шығыс Қазақстан бұл жобаға толық дайын. 2018–2022 жылдары Қазақ онкология институтымен бірге жүргізілген пилоттық кезеңде 697 зерттеу жасалып, Төмен дозалы компьютерлік томография әдісінің тиімділігі дәлелденген.

Заманауи операциялар: бір тілікпен жасалатын VATS

Облыстық онкологиялық орталықта өкпе обырын емдеудің ең жаңа тәсілдері қолданылады. Соның ішінде:

ашық және лапароскопиялық хирургия;

жоғары дәлдікті сәулелік терапия;

заманауи химиотерапия хаттамалары;

таргеттік және иммунотерапия.

Хирург-дәрігер Тілеубек Нұрғалиев атап өткен жаңалық – бірпортты VATS, яғни, бір тілік арқылы жасалатын видео көмегімен жасалатын ота.

«Бұл – әлемдік торакалдық хирургиядағы ең озық технологиялардың бірі. Бір ғана кішкентай тілік жасалады, ауырсыну әлдеқайда аз болады, ал қалпына келу уақыты айтарлықтай қысқарады. Ота радикалды түрде жасалады, нәтижесі дәстүрлі ашық операциядан кем емес, бірақ ағзаға түсетін жүктеме әлдеқайда жеңіл», – дейді дәрігер.

Профилактика: темекіні тастау – өмірді сақтап қалудың ең қарапайым жолы

Статистика бойынша темекі шегу өкпе обыры жағдайларының басым бөлігінің негізгі себебі саналады. Дәрігерлердің айтуынша, бұл – ең өзгертуге болатын фактор.

«Халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, адамдарды ерте тексерілуге ынталандыру – біздің ортақ мақсатымыз. Адам неғұрлым ерте келсе, оның жазылу мүмкіндігі соғұрлым жоғары», – дейді мамандар.

Өкпе обыры – емделетін ауру. Шарт – уақытында анықтау

ШҚО-да ерте диагностика көрсеткіші жыл сайын артып келеді. 2026 жылы енгізілетін ұлттық скрининг бұл үрдісті одан әрі күшейтпек.

Өкпе обырымен күрес – тек дәрігерлердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өз денсаулығына ұқыптылықпен қарау, темекіден бас тарту, профилактикалық тексерулерден уақытылы өту – әр адамның өз өмірін ұзартуының ең тиімді және ең қолжетімді жолы.


Айна Бакимбаева

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу