«Ақтау – Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы» жылы салтанатты түрде жабылды
Бүгін «Ақтау – Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы» жылының жабылуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым, сондай-ақ ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің мәдениет министрлері мен тиісті ведомстволарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдени астана мәртебесі өңір үшін құрмет қана емес, сонымен бірге түркі әлемінің бай мұрасын кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Жыл бойы Ақтауда мыңдаған әртістерді, ғалымдарды және қонақтарды біріктірген 30-дан астам ірі халықаралық іс-шара өтті. Олардың қатарында музыка, эпос, фольклор және би фестивальдері, шығармашылық симпозиумдар мен ғылыми конференциялар, сондай-ақ балалар мен жастарға арналған түрлі байқаулар бар.
Сонымен қатар, жыл аясында өткен маңызды іс-шаралардың бірі – 7 елден келген 9 театр қатысып, үш мыңнан астам көрермен тамашалаған III Халықаралық театр фестивалі. Сондай-ақ 47 конкурстық фильм ұсынылған, түркі кинематографистері үшін шығармашылық маңызды алаңға айналған «Қорқыт ата» Халықаралық кинофестивалі де аншлагпен өтті.
Көркем дүниелері мен жарқын қойылымдары көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, ерекше әсер қалдырған «Көшпенді қуыршағы» Бірінші Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі де айрықша орын алады.
Өз кезегінде салтанатты іс-шараның арнайы қонағы, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым Маңғыстау жұртының қонақжайлығы, Ақтау қаласының бай мәдениетіне ерекше тоқталды.
Ақтауда жүзеге асырылған жұмыс халықаралық деңгейде жоғары бағасын алды. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев қала бүкіл түркі қауымдастығы үшін бауырластықтың және жаңа мүмкіндіктердің символына айналғанын айтты.
Салтанатты іс-шара Гала-концертпен жалғасты. Оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан 300-ден астам әртіс қатысып, көрермендерге вокалдық және би қойылымдарын ұсынды. Концерт бағдарламасы түркі елдерінің сахналық өнерінің алуантүрлілігін паш етіп, мерекелік көңіл күй мен шығармашылық бірлік атмосферасын қалыптастырды.
Концерттік бағдарламадан кейін «Түркі әлемінің 2026 жылғы мәдени астанасы» атағын тапсыру рәсімі өтті. Ақтау қаласының әкімі бұл мәртебелі атақты Өзбекстанның Әндіжан қаласының хокиіміне табыстады.
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі




