Ақордада әлем чемпиондары атанған жас шахматшылармен кездесу өтті
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлем біріншіліктерінде топ жарған жас қазақстандық шахматшыларды қабылдады, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесуге 8 жасқа дейінгі санатта әлем чемпиондары атанған Әдинұр Әділбек пен Алиша Бисалиева, 12 жасқа дейінгі санатта әлем чемпионы Данис Қуандықұлы, 14 жасқа дейінгі санатта жүлдегер атанған Марк Смирнов, сондай-ақ 16 жасқа дейінгі санатта әлем чемпионы Эдгар Мамедов пен осы санатта күміс медаль иегері Сауат Нұрғалиев қатысты.
Мемлекет басшысы жас шахматшылардың жетістіктері Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын арттыратынын айтып, олардың табысы елдегі шахматтың үлкен болашағын көрсететінін атап өтті. Президент өрендерге биік мақсаттарға ұмтылып, жарқын жеңістерге жете беруді тіледі.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жас чемпиондарға арнап шахмат тақтасына естелік қолтаңба қалдырды.
Осы күні жас шахматшылар үшін Ақордада арнайы экскурсия да ұйымдастырылды.
Фото: Ақорда







