Өскеменде Тарбағатай ауданының мәдени күндері аясында “Тарбағатай лигасы” өтті
Өскемен қаласында облыстық “Туған жер – алтын бесігім!” жобасы аясында Тарбағатай ауданының мәдени күндері жалғасуда. Бағдарлама шеңберінде бүгін волейболдан «Тарбағатай лигасы» атты кең ауқымды спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Жарысқа ауданға қарасты 10 ауылдық округтен жиналған 10 команда қатысып, спорттық бәсеке жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
“Тарбағатай лигасы” турнирі аудан жастарының, спорт сүйер қауымның басын қосқан әсерлі шара болды. Әр округтен келген командалар тартысты ойын өрнегін көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің мақсаты — ауыл жастарын спортқа баулу, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасау, сондай-ақ өңірдегі бұқаралық спортты дамыту екендігін айтады Тарбағатай ауданының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ержан Карибаев.
“Шараға қатысушылардың басым бөлігі – ауылдық округтердің жас спортшылары. Олар үшін бұл жарыс тәжірибе жинақтап, өз шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік болғаны сөзсіз. Ойындар өте тартысты жағдайда өтуде”, – деді ол.
Көрермендер арасында жиналған аудан азаматтары мен Өскемен тұрғындары да сайысты тамашалап, өз ауылдастарына жанкүйерлік етті.
Тарбағатай ауданының мәдени күндері тек спорттық шаралармен шектелмейді. Бағдарлама барысында концерттік қойылымдар, көрмелер, қолөнер шеберлерінің туындылары, ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесімен жалғауда.
Өскеменде өткен “Тарбағатай лигасы” волейбол турнирі Тарбағатай ауданының мәдени күндерінің жарқын бөлігіне айналды. Шара ауылдық округтердің бірлігін, жастарының белсенділігін, спортқа деген қызығушылығын көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қуаныш Рахметоллаұлы







