KZ
Өскемен
-26°
плотный туман жел 1 м/с, В
514.31 603.03 6.4

Зайсан – Шығыстың шекарадағы алтын қақпасы

3.12.2025, 16:00 148 Базарова Айгүл

Шұғылалы Шығыстың Қытай Халық Республикасымен  шекарасын шегендеп тұрған шуақты Зайсан ауданы соңғы жылдары айқын серпіліс танытып келеді. 2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында белгіленген міндеттер – шекаралық өңір үшін нақты жұмыс жоспарына айналған. Қауіпсіздік күшейіп, әлеуметтік инфрақұрылым жаңарып, өндіріс пен ауыл шаруашылығы қарқын алып отыр. Тұрғындары еңбекпен, жастар жігермен, ал басшылық ұзақ мерзімді даму стратегиясымен алға озған өлкенің бүгіні мен ертеңі – ел назарында, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.

Халқының көңілі жайсан, тарихи тамыры тереңде жатқан Зайсан ауданында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда нақты өсім көрсетіп отыр. Шекаралық өңірде 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған маңызды стратегиялық міндеттерді орындау жолында нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан басшысы Аэлита Ахметсәлімкызының айтуынша, ең бастысы, ауданда тұрғындар қауіпсіздігіне аса назар бөлінеді. Осы мақсатта төтенше жағдайлар бөлімінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Өртке қарсы қызметке жеті өрт сөндіру және төрт қосалқы техника алынып, ауылдық өрт сөндіру бекеттеріне 14 маман жұмысқа қабылданған. Шекаралық ауданымыздың төтенше жағдайлар бөлімін нығайту мақсатында өткен жылы бір Камаз және демеушілер көмегімен сегіз ауылға қайықтар мен арнайы киімдер алынды.

Ұлт денсаулығын қорғау басты назарда

– Аудан бойынша бір аудандық аурухана, тоғыз дәрігерлік амбулатория, 14 медпункт, бір ФАП, алты жеке меншік емдеу орталықтары халыққа қызмет көрсетеді. Жыл басынан 340 нәресте дүниеге келді. Аудандық ауруханада кадр тапшылығы жоқ. Биылғы жылы үш маман (акушер-гинеколог дәрігер және екі жалпы тәжірибелі дәрігер мамандар) жұмысқа қабылданды. Алты жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Емдеу-сауықтыру мекемелеріне компьютерлік томография алынып, Зайсан және көршілес аудандар тұрғындары үшін сапалы қызмет көрсетуде. Өткен жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Жаңатұрмыс, Саржыра ауылдарында екі медпункт және Жарсу ауылында ФАП салынды. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Қаратал ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Алдағы жылы Жалши, Бақасу ауылдарында медпункттерді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл аудандық аурухананың жұқпалы ауруларды емдеу бөліміне, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін аяқталады, – деді аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімкызы.

Білімді азамат – ел болашағы  

Аудандағы 28 мектепте 6486 оқушы оқиды. 3-6 жас аралығында балалар 100% мектепалды біліммен және тәрбиемен қамтылған. Биылғы жылы 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Үлкен Қаратал және Саржыра ауылдарында, жаңа мектептердің, Жарсу ауылында спорт корпусының құрылысы жүргізілуде. 35 жасқа дейінгі жастар аудан халқының 20,4 пайызын құрайды. Жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға барлық жағдай жасалған. Ауданда 105 спорт нысаны, 11 мәдениет ошағы жұмыс жасайды. Түрлі спорт секцияларында екі мыңнан астам жастар мен жасөспірімдер жаттығады. Мәселен, биылғы жылдың шілде айында ауданның футбол командасы облыс чемпионы атанса, дзюдодан облыстық ашық турнирде 6 сынып оқушысы Пазыл Ерасылұлы бірінші орын иеленген.

– Жастарды жұмыспен қамтуға, олардың қоғамға пайдалы кез-келген идеяларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, «Жас прожект» жобасы аясында 18 адам 1 млн. теңгеден грант алып, өнім шығарып, өз кәсібін бастады. «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында сегіз адам 1,5 млн. теңгеден  қайтарымсыз гранттар иеленді. «Бастау бизнес» жобасы аясында 29 зайсандық кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтті, – деді аудан басшысы.   

Жұмыспен қамту жұмысы белсенді 

Жиында айтылғандай, биыл Зайсан ауданында 309 адам тұрақты жұмысқа орналасқан (оның ішінде 7 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 49-ы жастар тәжірибесіне,  50-і ақылы қоғамдық жұмыстарға, 18-і алғашқы  жұмыс орындарына, 185 адам бос жұмыс орындарына). «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Биыл 19 мыңнан астам түрлі ағаш көшеттері егілген.

– «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай, аудандағы технология колледжі өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Колледжде 7 түрлі мамандық бойынша 172 студент білім алуда. Жұмыс мәсәлесіне келсек, Зайсан ауданы бойынша 2025 жылдың 9 айында барлығы 425 адам жұмысқа орналастырылса, тағы 455 жұмыссыз жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. 21 адам жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілді(оқу аяқталғаннан кейін бұл адамдар жұмыс беруші тарапынан тұрақты жұмысқа қабылданады). 136 жұмыссыз Ұлттық жобалар аясында жұмысқа тартылды, – деді Аэлита Ахметсәлімкызы.

Сонымен бірге жаңа ауежайға мамандарды даярлау үшін жәрменкелер өткізіліп, отыздан артық адам Өскемен қаласында оқып жатыр.

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда 52 жас маманға көтерме жәрдемақы, 20 жас маманға бюджеттік несиелері берілді. 6 денсаулық сақтау саласына келген жас маман дәрігерлер, тұрғын үйлермен қамтамасыз етілді.    Биыл, 4 жас маманға, ауылдық жерлерден тұрғын үй сатып алуға көмек көрсетілді, – деді аудан әкімі.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына зор еңбек сіңірген аудан ардагерлері жастарға патриоттық тәрбие беріп келеді. Әкімдік қоғамдық ұйымдармен, аудандық мәслихат депутаттарымен, қоғам белсенділерімен береке-бірлікте жұмыс атқаруда.

Өндіріске роботты техникалар орнатылуда

Мемлекет басшысы алдағы үш жылда толық цифрландыру жүйесіне көшуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай интернет жылдамдығын жоғарылату үшін өткен жылы үш ауылда (Шілікті, Жалшы және Жаңатұрмыс) антенна-діңгекті құрылыс салынды.

Білім беру ұйымдарында 16 мектеп «Starlink» желісіне қосылған. «Зайсан» көпсалалы коммуналдық мекемесіне су пайдаланушылар туралы деректерді өңдеуге арналған цифрлық бағдарлама орнатылды. Сондай-ақ, «Аrnna Minerals» компаниясы су және сусындар өндіру саласындағы өндірісін кеңейту бағытында құны екі миллиард теңгелік роботпен басқарылатын жабдықтар орнатты. 

Асыл тұқымды мал басы артты

Ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 24,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдан 4,5 млрд. теңгеге артық орындалды. Ауданда мал басының өсу тенденциясы сақталып, ірі қара 90 мың, қой-ешкі 110 мың,  жылқы 58,2 мың басқа жетіп, өсім 8,4 %-ға артты. Аудандағы «Ақбай», «Икеп», «Жасұлан», «Әмір» шаруа қожалықтары, асыл тұқымды ірі қара және жылқы түрлерін өсіруде.

Малдардың арасында болатын жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында, биылғы жылы «Зайсан-Вет» мекемесі 11 арнайы автокөліктермен жаңартылды. Биылғы жылы шаруалар жақсы өнім алып, мал азығының жеткілікті қорын даярлап, қыстан қысылмай шығуға барлық жағдайларын жасаған.

– Зайсан – суармалы егістікпен айналысатын бірден-бір аудан. Үйдене су қоймасының негізгі қуаты 75 млн м3. Ал бүгінгі апатты жағдайына  байланысты 27 млн м3 су ғана жинауға болады. Қазіргі кезде Үйдене су қоймасы арқылы 155 шаруа қожалығы 8,6 мың гектар жерді игеруде. Алдағы уақытта су қоймасына қайта жаңғырту, жабдықтау жұмыстары жүргізіліп, төрт магистралды және ұзындығы 113 шақырымды құрайтын 30 ішкі шаруашылық каналдардары іске қосылса, ауданда 10 мың гектардан астам суармалы жерлер толықтай қамтамасыз етілетін болады. Бірнеше елді мекендерді сумен қамтамасыз етіп отырған Кендірлік су жүйесін жаңғырту жұмыстары Үкіметтің бағдарламасына енгізілді. Өткен жылы алғаш рет егіншілік саласында тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, үш шаруашылық шұғылдануда, – деп атап өтті Аэлита Ахметсәлімқызы. 

Зайсандағы ірі кәсіпорындар – тұрақты жұмыс көзі
 
Ауданда ағымдағы жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,7 млрд. теңгеге немесе 27,4%-ға артып отыр (2024 жыл - 5,9 млрд.теңге).

Зайсандағы жетекші ірі кәсіпорындар жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, аудан бюджетіне салықтар түсіріп отыр. Атап айтсақ, «Тарбағатай-Мұнай» компаниясы – мұнай өнімдерін өндіру және өңдеу саласында, «ARNNA MINERALS» компаниясы – пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу бағытында, сонымен бірге аудан дамуына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері сүбелі үлес қосып келе жатқан іргелі «Зайсан құрылыс компаниясы», «СМУ-Шығыс» компаниялары – құрылыс, жол жөндеу және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру саласында табысты да нәтижелі жұмыс атқарады.

Бүгінгі таңда ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласында төрт мыңға жуық субъектілері жұмыс істейді, оның ішінде 2,3 мыңы – жеке кәсіпкерлер, 1,5 мыңы – шаруа қожалықтары, 200-ге жуық – заңды тұлғалар бар.

Зайсанның өнімдері шетелге де танымал 

Ауданның Дайыр ауылдық округінің аумағында орналасқан «Арна Минералс» зауытының өнімдері еліміз бойынша ғана емес шет елдерде де танымал сауда маркасына айналды. Дайын өнімдер көршілес Қытай Халық Республикасына да көптеп экспортталады.
Зайсан қаласына кіре берістегі Қарабұлақ ауылы аумағындағы «Zaisan-Balyq» компаниясы балық зауытын қайта жаңғыртып, жиырмадан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Зауыт күніне бес тоннадан астам балық түрлерін өңдеп, елімізге ғана емес алыс-жақын шетелдерге де өнім шығаруда.

Құрылыста қарқын бар

Құрылыс жұмыстарының көлемі 24,0 млрд.теңгені құрап (2024 жыл – 19,9 млрд.теңге), өткен жылдан 4,1 млрд. теңгеге немесе 20,5%-ға  артқан.

– 12 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен (8415 шаршы метр) салыстырғанда 3,5 мың шаршы метрге немесе 41%-ға артты. Шекаралық ауылдық жерлерде халықты тұрақтандыру үшін «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы жалғасын табуда. 2023 жылы 42 пәтер, 2024 жылы 68 пәтер беріліп, 2025 жылы 96 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Зайсан қаласында көп қабатты 30 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілсе, осындай тағы екі үйдің құрылысы бітіп, келесі жылы тұрғындар қоныстойын тойлайды. Ауданымызда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Жарсу ауылы мектебінің спорт корпусы, Айнабұлақ ауылында спорт модулі, Қаратал ауылында дәрігерлік амбулатория құрылыстары жүргізілуде, – деді брифингте ауданның құрылыс саласындағы шаруаларды атап көрсеткен аудан басшысы.

Туризмді дамыту толағай табыстар әкелмек

«Омск–Майқапшағай» халықаралық тас жолының аяқталуы зайсандықтар үшін үлкен жеңілдік пен мүмкіндік әкелгені рас.

Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Тоқаевтың туризмді жан-жақты дамыту жөніндегі тапсырмасына орай, биыл құрылысы басталған халықаралық жаңа әуежайдың қазіргі кезде ұшу-қону жолағы толық аяқталды. Бұл жоба арқылы Зайсанда туризм жаңа деңгейге көтеріліп, табиғи бай аймақтарға қолжетімділік жақсармақ. Шетелдік туристер үшін тікелей рейстер де ашылады деп күтілуде. Жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтармен серіктестікке қол жеткізіліп, халықаралық және өңіраралық байланыстар арта түседі деп күтілуде.

Бұдан бөлек, ауданда алты туристік оператор, сегіз туристерге қызмет ету нысандары, оның ішінде жеті қонақ үй мен бір демалыс базасы бар. Жалпы нөмірлік қор – 120, люкс санаты – 22 нөмір. Жалпы 355 төсек-орындық қонақүйлер қызмет атқарады. 

Майқапшағай кеден бекетінен, Зайсан қаласының автовокзалына дейін, күніне екі бағытта 6 рейс қатынайды. Туристер саны күніне 1200 адамға дейін жетеді. Туризмді дамыту бағытында жеке инвесторлармен жаңа жобалар іске асырылуда.

Аудан басшысының айтуынша, биыл бөлшек сауда айналымының көлемі 13,9 млрд. теңгені құрап, (2024жыл – 12,5 млрд.теңге), 1,4 млрд теңгеге немесе 11,5%-ға артқан.

«Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында 43 жоба іске асырылып, жалпы соммасы 292,1 миллион теңгенің несие қаражаты игерілді.

Жолдар жөнделмей, экономика алға баспайды

Зайсан ауданының жол инфрақұрылымына, жолаушы тасымалдау саласына келетін болсақ, аудан аумағы бойынша жиыны 460 шақырым жол өтеді. Оның 168 шақырымы республикалық, 81 шақырымы облыстық, 211 шақырымы аудандық маңыздағы жолдар.

– Ағымдағы жылы Біржан, Сарытерек ауылдарында 172 млн. теңгеге 4,1 шақырым көшелерге орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. «Зайсан-Жаңатұрмыс-Шуршітсу» (12 шақырым), «Біржан-Ақарал» (12 шақырым) аудандық маңызы бар автожолдарына, Дайыр ауылының Абай көшесіне (1,2 шақырым) барлығы 475,7 млн. теңгеге 25,2 шақырым орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Зайсан, Шілікті, Қаратал, Айнабұлақ, Қайнар-2, Дайыр, Қарабұлақ көшелері ағымдағы жөндеуден өтті (68,3 млн.теңге). Жолаушы тасымалдауда ауданішілік, қалааралық көлік қатынастары және Зайсан-Өскемен бағыттарында әуе қатынастары халыққа қызмет көрсетуде,- деді Аэлита Ахметсәлімқызы.

Коммуналдық қызметке жаңа техникалар алынды

Биылғы жылы «Зайсан» көпсалалы  коммуналдық мекемесіне 210 млн теңгеге ауданның коммуналдық қызметін жақсарту үшін аса қажетті 7 техника сатып алынған. Бұл жаңа техникалар аудан территориясында орын алған кез-келген апаттарды қалпына келтіруде зор көмек көрсететіні даусыз.

Аудан басшысы айтқандай, ауданның 2025 жылға арналған өз кірісінің болжамы – 3 443,4 млрд. Теңге. 10 айда 3113,0 млрд. теңгеге орындалып, өткен жылдың сәйкес мерзімінен салыстырғанда 707,2 млн.теңгеге немесе 29,4% - ке артқан.

Инвестициялық тартымдылық та жылдан жылға артып келеді. Негізгі капиталға инвестициялар көлемі – 38,7 млрд. теңге болып, 12 млрд. теңге немесе 46,5%-ке артық қалыптасқан.




Дәурен Аллабергенұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу