Ұлттық ұлан сапында Отан алдындағы парызын өтеген сарбаздарға құрмет көрсетілді
Отан қорғау – ер-азаматтың ең қасиетті парызы. Сол парызды асқақ рухпен, адал жүрекпен абыройлы атқарып, ел сенімін ақтаған сарбаздар бүгін туған жерлеріне олжамен қайтты. ҚР Ұлттық Ұланының «Шығыс» өңірлік басқармасына қарасты 6699 әскери бөлімінің 2–2024 шақырылымдағы жас жауынгерлерін салтанатты жағдайда шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сап түзеген сарбаздардың жүзінде мақтаныш пен қуаныш қатар сезілді. Себебі олар Отан қорғаудың биік мектебінен өтіп, әскери тәртіптің шыңынан шыңдалып, нағыз ер-азамат болып қалыптасты. Барша жауынгерлерге алғыс хаттар табысталып, әскери борышты үлгілі атқарғаны үшін құрмет көрсетілді. Ал ерекше жетістікке жеткен төрт сарбазға жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік грант сертификаттары табыс етілді.
Бұл игі жаңалықты әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Жұлдыз Ақтанжан да жүрекжарды тілегімен бөлісті. Оның айтуынша, сарбаздардың үшеуі ел қорғаны болуға ниет білдіріп, әскери жоғары оқу орындарын таңдаса, бір жауынгер бейбіт еңбектің майданы – мал шаруашылығы саласын мақсат еткен.
Жауынгерлер Сабирхан Баширов пен Мекке Абуов ҚР Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына грант иегерлері атанса, Нұрсұлтан Мұратбай Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына жолдама алды. Ал Денис Саенко Торайғыров университетінің мал шаруашылығы мамандығына тегін оқуға мүмкіндік ұтып, үлкен өмірге батыл қадам жасады.
Салтанатты сәт – толқуға толы еді. Аналардың ақ батасы, шашу шашылып, ізгі тілектер жауған мейірімге толы көрініс ешкімді бейжай қалдырмады.
Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, отбасыларына жеңіс рухымен, шынайы ерлікпен аттанған сарбаздарға ақ жол тілейміз. Ел тыныштығының кепілі – осындай жүрегі отансүйгіш, ниеті адал жас ұландар. Аналардың ақ батасы мен халықтың қолдауы бұл жігіттерді әрқашан биік мақсаттарға жетелейтіні сөзсіз.
Айна Бакимбаева

