KZ
Өскемен
-26°
плотный туман жел 1 м/с, С
514.31 603.03 6.4

Мектептегі алғашқы әскери дайындық пәнінің ережелері жаңартылды

4.12.2025, 10:00 138 Ержан Әбіш

Қазақстанда алғашқы әскери дайындық (АӘД) пәнін оқыту тәртібін түбегейлі жаңартатын жаңа ережелер бекітілді. Қорғаныс министрі қол қойған бұйрық биылғы 4 қарашада қабылданып, білім беру ұйымдарында әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізудің бірыңғай талаптарын айқындады. Бұл өзгерістер әскерге шақырылушыларды даярлау жүйесін күшейтіп, пәннің мазмұнын заман талабына сай жаңартуға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңартылған ережелер Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери-патриоттық тәрбие туралы» заңнамасына енгізілген түзетулер негізінде дайындалған. Құжатты Бас штабтың Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті әзірледі. Енді АӘД мектептерде, колледждерде және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарында нақты құрылыммен, бірыңғай әдістемемен және стандартталған практикалық жүйемен жүргізілетін болады. Мұндай тәсіл болашақ әскерге шақырылушылардың дайындығын күшейтіп қана қоймай, жастардың әскери қызметке көзқарасын да өзгертуді көздейді.

Ең маңызды жаңалықтардың бірі – пәннің тарихи атауы «алғашқы әскери дайындық» қайта енгізілуі. Бұл шешім пәннің мәртебесін арттырып, оның нақты бағыт-бағдарын анықтайды. Бағдарламаға әскери қызметшілердің құқықтары, міндеттері, әлеуметтік кепілдіктері, әскери жарғы және әскердегі күнделікті қызметтің ерекшеліктері бойынша практикалық сабақтар қосылады. Сонымен қатар оқу-далалық сабақтардың саны артып, әскери бөлімдермен байланыс күшейтіледі.

Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаеваның айтуынша, өзгерістердің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің әскери қызмет туралы толыққанды ақпарат алуына жағдай жасау, оларды болашақта жауапты таңдау жасай алатын деңгейге жеткізу.

– Біз пәннің мазмұнын нақтылап, оны шынайы әскери дайындықтың алғашқы баспалдағына айналдырудамыз. Әскер – енді тек міндет емес, ол – мамандық, білім, тәртіп және әлеует. Оқушылар әскери қызметтің қандай мүмкіндіктерге жол ашатынын алдын ала білуі керек. Бұл олардың өмірлік бағытын дұрыс анықтауға көмектеседі, – деді кеңесші.

Оқытушыларға қойылатын талаптар да күшейтіледі. Енді АӘД пәнін тек педагогикалық білімі бар және әскери қызмет өткерген мамандар ғана оқыта алады. Қолданыстағы мұғалімдер өз лауазымдарын сақтайды, ал кемінде 10 жыл әскери тәжірибесі бар азаматтарға Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындарының базасында тегін қайта даярлау курстарынан өту мүмкіндігі беріледі. Бұл қадам кадрлық әлеуетті күшейтіп, білім сапасын арттыруға бағытталған.

Айгүл Төлембаева мұндай өзгерістердің маңызын түсіндіріп өтті:

– Оқушылар алдында әскерде қызмет еткен, тәжірибесі бар адам тұрғаны маңызды. Бұл сенім қалыптастырады, алдын ала үрей мен белгісіздік сезімін жояды. Әскери қызметтің нақты қыр-сырын көрген адам ғана оны дұрыс түсіндіре алады, – деді ол.

Жаңартылған ережелер әскери бөлімдердің оқу процесіне қатысу аясын да кеңейтті. Енді оқу-далалық жиындар бұрынғыдан да мазмұнды болмақ: әскери бөлім командирлері оқушылармен тікелей жұмыс істеп, қару-жарақ, байланыс құралдары, далалық дайындық элементтері көрсетіледі. Бұл сабақтар әскери ортаға етене жақындауға мүмкіндік беріп, жастардың қызығушылығын арттырады.

АӘД оқытушыларының біліктілігін арттыру да жаңа деңгейге көтеріледі. Бұдан былай мұғалімдер арнайы дайындықтан тек әскери жоғары оқу орындары мен Қорғаныс министрлігіне қарасты ведомстволық ұйымдардың базасында өте алады. Бұл талаптар пән мазмұнын қазіргі әскери стандарттарға сәйкестендіріп, оқыту сапасын айтарлықтай жақсартуға бағытталған.

Жалпы, жаңа ережелер әскери-патриоттық тәрбиені күшейтуге, мектеп пен әскер арасындағы байланыс орнатуға және жастардың Отан қорғау ісіне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Қазақстан Қарулы күштері қатарындағы кәсіби мамандарды қалыптастырудың алғашқы кезеңі дәл мектеп қабырғасынан басталатынын ескерсек, бұл өзгерістер елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға да өз үлесін қоспақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу