KZ
Өскемен
-5°
туман жел 1 м/с, С
505.53 593.44 6.34

Азық-түлік қауіпсіздігі: елімізден сиыр етін әкетуге квота енгізілді

4.12.2025, 10:30 130 Ержан Әбіш

2025 жылғы 3 желтоқсандан бастап Қазақстан аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріне ірі қара мал (ІҚМ) етін экспорттауға квоталар бөлу тәртібі ресми түрде күшіне енді. Бұл норма 2025 жылғы 31 желтоқсанына дейін қолданылып, елдегі мал шаруашылығы саласындағы экспорттық операцияларды жүйелеуге, саланың тұрақты дамуына және ішкі нарықтың қажеттіліктерін теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қолданысқа енгізілген ережелерге сәйкес, ІҚМ етін сыртқа шығаруға арналған сандық лимит 13 000 тонна көлемінде белгіленді. Бұл лимит елдегі ет өңдеу кәсіпорындарының мүмкіндіктерін, бордақылау алаңдарының қуаттылығын және мал басының нақты тіркелуін ескере отырып бөлінеді.
Экспорттауға рұқсат етілетін көлем әрбір өтініш беруші тұлғаның өндірістік әлеуетіне қарай айқындалады. Атап айтқанда: 5 000 бастан жоғары бордақылау алаңы бар тұлғалар үшін – 1 000 тонна; 10 000 бастан жоғары болғанда – 2 000 тонна; 15 000 бастан асқанда – 3 000 тонна; 20 000 бастан жоғары қуаттылық үшін – 4 000 тонна көлемінде квота белгіленеді.

Бұл квоталар тек өз бордақылау алаңынан дайындалған мал басын пайдаланған жағдайда ғана ет өңдеуші кәсіпорындарға беріледі. Яғни экспортқа шығарылатын өнімнің қайнар көзі толық айқындалуы тиіс.

Квота алу үшін жеке және заңды тұлғалар бірқатар талаптарға сәйкес келуі керек. Ең алдымен, өтініш иесінде есепке алу нөмірі бар ет комбинаты және біржолғы сыйымдылығы кемінде 5 000 бас малды ұстай алатын тіркелген бордақылау алаңы болуы шарт. Бордақыланған малдың жасы кемінде 12 ай болуы, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру дерекқорында нақты тіркелуі, ал бордақылау мерзімі 4 айдан кем болмауы тиіс. Сонымен бірге мал басында құлақ сырғалары түрінде орнатылған RFID радиожелілік белгісі болуы міндеттеледі. Бір бастың орташа тірі салмағы 200 килограмм деп есептеледі.

Квота бөлу барысында экспорттық келісімшарттардың болуы да негізгі талаптардың бірі саналады. Бұл экспорттың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Квоталар «Е-лицензиялау» порталы арқылы автоматты түрде беріледі. «Сандық шектеулер енгізілген кезде тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензия беру» қағидаларына сай, экспортқа рұқсат алу барысында жүйе өтініш берушіге тиесілі квота көлемін автоматты түрде анықтап, бекітеді.

Лицензия иелері лицензия қолданылу мерзimi аяқталғаннан кейін 15 күн ішінде уәкілетті органға тауарлардың экспорты мен импорты бойынша орындалу туралы анықтама тапсыруы тиіс. Бұл процедура Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2023 жылғы 24 қарашадағы № 125 шешімімен белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу