KZ
Өскемен
-19°
туман Штиль
504.6 594.27 6.48

Үнсіз ескерту: Шығыс Қазақстан жолында ерекше профилактикалық монумент орнатылды

4.12.2025, 18:30 145 Базарова Айгүл

Өскемен – Алтай – Рахман қайнары бағытындағы күре жолдың бойымен жүйткіген адам енді Северное ауылының тұсына таяғанда тосын көрініске тап болады. Мұндай бойын тік түзеген, биіктігі тоғыз метрге жететін алып бөтелке бірден көзге ілінеді. Бұл – жай ғана мүсін емес. Бұл – Полиция департаменті қолға алған ерекше әлеуметтік жоба, мың сөзбен жеткізілмейтін ащы шындықты бір сәтте түсіндіретін үнсіз насихат, деп хабарлайды Altainews.kz.

Алып бөтелкенің іші шұрық-тесігі шыққан, майысқан, жаншылған көліктерге толы. Бір кезде жолмен жарысып, мыңдаған шақырымды бағындырған темір тұлпарлар бүгінде шарасыз күйде – ішке қамалған. Бөтелкедегі бұл көліктер – қиянат көрген темір емес, адасқан адамның таңдауы мен қателіктің құрбаны. Әр сызат, әр жарық – мас күйінде рөлге отырған жүргізушінің талайдың тағдырына жасаған қатал тәжірибесінің ізі.

Бөтелке – іштен жарылмайтын, сыртқа шықпайтын тұйық кеңістік. Дәл сол секілді, алкогольдің де шықпайтын тұзағы бар. Ол адамды өз еркінен айырып, көзін тұмандатады, жылдамдықты жеңілдік деп, қатерді қалыпты нәрсе деп көрсетеді. Бірақ сол тұман тарағанда – темір майысып, тағдыр қиылады. Бұл ескерткіш соны айғайлап айтпай-ақ ұқтырады.

Полиция департаментінің бастамасынан туған арт-объект – жол бойындағы қарапайым нысан емес, ой салатын символ. Ол жүргізушілерге жасырын ғана, бірақ өте анық бір шындықты жеткізіп тұр. Жол апатының көбі – кездейсоқтықтың емес, немқұрайлылық пен қауіпсіздік ережесін елемеудің салдары. Бір рет қателесудің өзі біреудің өмірін қияды, ал кейде бүтін бір отбасының тіршілігін төңкеріп жібереді.

Рөлге отырып, желмен жарысқан адам тоқтаусыз асыққан сәтте осы бөтелкені көрсе – ойлануы мүмкін. Тізгінді бұраған қол сәл бәсеңсісе, басылмай тұрған сол педаль сәл баяуласа – бұл нысанның өз міндетін орындағаны.

Бұл монумент – тасжол бойында үнсіз тұрғанымен, жүздеген, мыңдаған жанның жан айқайы. Ол дабыл қағады, ескерту жасайды, талап етеді.

Жолдағы жауапкершілік – өмірдің бағасы, ал сау күйде көлік жүргізу – адамгершіліктің ең алғашқы шарты.

Сол себепті бұл бөтелке тек металл мен әйнектен құралған мүсін емес, ол – өткен қателіктердің ескерткіші, болашақ апаттардың алдын алуға арналған белгі. Түнде шамдарына шағылысқан сайын, әр өткен жүргізушіге бір ғана «Мен үйге аман жетуім керек» деген ой салады.

Жүргізушілер жолға шыққанда осы тыныш тұрған алып бөтелке көз алдына келсе – демек қоғам санасына сіңген бір сабақ бар деген сөз. Өйткені кейде бір мүсін, бір көрініс мың түсіндіруден өткір, мың ескертуге татырлық.


Фото: ШҚО ДП

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу