KZ
Өскемен
-14°
небольшая облачность жел 0,7 м/с, В
502.57 591.68 6.42

Бостандық жолы: жасанды зерде көзімен

28.11.2025, 20:00 175 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстанда Өнер музейі Тәуелсіздік күніне орай жаңа форматтағы көрменің ашылуына шақырады. 5 желтоқсанда өтетін «Бостандық жолы: жасанды зерде көзқарасы» атты іс-шара – классикалық өнер мен заманауи цифрлық шығармашылықты тоғыстырған, ел тарихындағы жаңа мәдени кезеңді айқындайтын тың жоба, деп хабарлайды Altainews.kz.

Экспозиция ұлттық рухтың қалыптасуы мен бостандық үшін күрестің тарихи сәттерін екі түрлі өнер тілі арқылы баяндайды. Бірі – дәстүрлі кескіндеме, екіншісі – жасанды зерде алгоритмдері жасаған цифрлық туындылар.

«Тарихи сананың ізі» атты бөлімде қазақ руханиятының өзегін құрайтын Абай Құнанбайұлының, Алаш арыстарының мұралары, Желтоқсан оқиғасының тағдырлы кезеңдері бейнеленген классикалық картиналар ұсынылады. Туындылар ұлттық сананың қалыптасу жолын терең сезінуге мүмкіндік береді.

Ал «Цифрлық болашақ» бөлімінде жасанды зерде жасаған өнер туындылары қойылған. Алгоритмдер тарихи бейнелер мен заманауи деректерді пайдалана отырып, Тәуелсіздіктің бүгінгі тынысын және ертеңге деген үмітті жаңа эстетикамен қайта ұсынады.

«Бұл көрме – тарих пен технологияның, адамның шығармашылық рухы мен жасанды интеллектінің интеллектуалдық мүмкіндіктерінің тоғысқан тұсы. Біз келушілерді “Жасанды зерде Тәуелсіздік ұғымын қалай түсінеді?” деген сұрақ төңірегінде ойлануға шақырамыз. Бұл – ұлттық мұрамызды заманауи технологиялар арқылы жаңаша бағамдаудың бірегей тәсілі», – дейді көрме кураторы, музейдің маркетинг технологиялар секторының меңгерушісі Нұрболат Ғазизов.

Көрме қонақтарға тарихи мұраны жаңа қырынан көріп, цифрлық дәуірдің өнерге әкелген мүмкіндіктерін сезінуге жол ашады. Өнер сүйер қауымға да, тарихшыларға да, технологияға ден қойған жастарға да бірдей қызықты болмақ.

«Бостандық жолы: жасанды зерде көзқарасы» көрмесі 2025 жылдың 5 желтоқсанынан 2026 жылдың 6 қаңтарына дейін жұмыс істейтін болады. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу