Өскеменде "Желтоқсан алауы" мүсіндік композициясы ашылды
Өскеменде Тәуелсіздік күні мерекесіне орай желтоқсаншылардың рухына арналған мүсіндік композиция ашылды.
Бүгін облыс орталығында боздақтар рухына арнап тұрғызылған “Желтоқсан алауы” мүсіндік композицияның салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жаңа нысан Ертіс жағалауындағы Ғашықтар аллеясы ауданында орналасқан. Композиция 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына арналады. Композицияның авторы – белгілі мүсінші Нұрбол Қалиев.
Мүсіннің биіктігі 5 метрге жетеді. Мұз бейнесінде жасалған, оның дәл ортасында тәуелсіздіктің символы ретінде жалындаған алау бейнеленген. Сондай-ақ композицияның үстінгі бөлігінде қыран бүркіттің мүсіні орналастырылған.
Мүсіндік композицияның ашылуына қала әкімі Жақсылық Омар мен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының қатысушылары да келіп, гүл шоқтарын қойды.
Сонымен қатар, мүсін орнатылған көшеге жақын арада Желтоқсан атауы берілмек. Бұрын атауы болмаған бұл көше Пермитиннен Қабанбай Батыр көшесіне дейін созылып жатыр.