Семей мен Өскеменде «таза» көмір технологиясы бойынша жаңа ЖЭО салынады
stock.adobe.com
«Самұрық-Энерго» Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын (ЖЭО) салуды жоспарлап отыр. Жобаның негізгі мақсаты – өңірлердің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, электр және жылу қуатына деген артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда қаржыландыру және технологиялық шешімдерді бекіту жұмыстары жүргізілуде. Станцияларды салу барысында заманауи «таза» көмір технологиялары қолданылатын болады. Бұл экологияға түсетін жүктемені азайтып, қоршаған ортаға келетін зиянды барынша төмендетуге мүмкіндік береді.
Жаңа ЖЭО-лар салынғаннан кейін қалалардың жылумен қамту жүйесі жаңартылып, инфрақұрылымдық даму деңгейі артады. Сонымен бірге жобалық құжаттаманы әзірлеу, қажетті инфрақұрылым салу және жылумен жабдықтау сызбасын жаңғырту жоспарланып отыр.
ЖЭО құрылысы Семей мен Өскемен үшін стратегиялық маңызы бар қадам болып саналады. Ол энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттырып, тұрғындарды үздіксіз электр және жылу қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.