ШҚО-да ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар республикалық жолдар жабылды
Шығыс Қазақстан облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар бірқатар автожолда барлық көлік түрлерінің қозғалысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы «КАЖсервис» ЖШС ШҚО филиалы мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мәліметке сәйкес, 2025 жылғы 15 желтоқсанда сағат 14:00-ден бастап желдің күшеюі мен көктайғақтың пайда болуына байланысты «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» республикалық автожолының 1104–1191 шақырым аралығы (Глубокое кенті – Шемонаиха қаласы) барлық автокөлік түрлері үшін жабылды. Мамандардың айтуынша, жол қозғалысын шектеу қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр. Қазіргі уақытта жол қызметтері арнайы техникамен тазалау және қауіпсіздік жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар, ауа райының қолайсыздығына байланысты (жаңбыр, суық, көктайғақ) 15 желтоқсанда Шығыс Қазақстан және оған іргелес өңірлерде тағы бірнеше автожол учаскесінде қозғалыс уақытша тоқтатылды. Арнайы жол техникасынан басқа барлық көлік түрлеріне шектеу қойылды.
14:00-ден бастап «Өскемен – Семей» автожолының 103–198 шақырым аралығы жабылды.
03:00-ден бастап «ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау – Семей – Павлодар – РФ шекарасы» автожолының 587–733 шақырым аралығы бойынша қозғалыс тоқтатылды.
08:00-ден бастап «Алматы – Талдықорған – Өскемен – РФ шекарасы» автожолының 971–1013 шақырым аралығы (Қалбатау – ШҚО шекарасы) жабылды.
10:00-ден бастап Жетісу облысы аумағында осы бағыттағы жолдың 615–683 шақырым аралығы (Таскескен маңы) қозғалысқа жабылды.
10:40-тан бастап «Семей – Курчатов» автожолында қозғалыс тоқтатылды.
11:30-дан бастап «Шар – Әуезов кенті» автожолы жабылды.
Жол қызметтері жүргізушілерді алдын ала маршруттарын жоспарлауға, алыс жолға шықпауға және ауа райы жақсарғаны туралы ресми ақпаратты күтуді сұрайды.
Қауіпсіздік мақсатында жолға шықпауға, жылдамдық режимін сақтауға және тек ресми дереккөздерден алынған ақпаратқа сенуге кеңес беріледі. Жолдардың қайта ашылуы туралы қосымша хабарланатын болады.