Мемлекет басшысы Жапонияға ресми сапармен барады
18–20 желтоқсан күндері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Жапонияда болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Сапар аясында Мемлекет басшысының Жапония Императоры Нарухитомен, елдің Премьер-министрі Санаэ Такаичимен, сондай-ақ жапондық іскер топтардың өкілдерімен бірқатар маңызды кездесулері жоспарланған. Келіссөздер барысында екіжақты саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланады деп күтілуде.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті «Орталық Азия – Жапония» саммитіне қатысады. Бұл алаң өңір елдері мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға, аймақтық тұрақтылық пен орнықты дамуға бағытталған бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, аталған сапар Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, инвестиция тарту, жоғары технологиялар, жасыл энергетика, инфрақұрылым және адам капиталы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге серпін береді.
Айта кетейік, Жапония Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі маңызды серіктестерінің бірі болып саналады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнаған, содан бері стратегиялық әріптестік аясында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып келеді.