KZ
Өскемен
-12°
плотный туман Штиль
498.55 524.28 4.75

Жер қойнауын игеру саласында лицензия алу жеңілдейді

20.12.2022, 13:00 335 Мадина Амангелдіқызы

Қазақстанда жер қойнауын игеру саласында лицензия алу тәртібі жеңілдейді.

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

2017 жылы жер қойнауын игеру саласында жүргізілген заңнамалық өзгеріс жаңа кен орындарын ашуға және бұл бағытта инвестицияларды тартуға оң әсер еткен екен. Атап айтқанда, «бірінші өтінім» қағидаты бойынша лицензиялар берудің жалпы тәртібі енгізіліп, Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы қабылданды, сондай-ақ лицензия беру мерзімі қысқартылып, халықаралық есептілік стандарттарына (KAZRC кодексіне) көшу бекітілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстанда геологиялық барлаумен айналысатын 700-ден аса юниор компания құрылып, Rio Tinto, Fortescue және «Йылдырым» сынды әлемдік нарықтағы ірі холдингтер елімізге тартылып отыр.

Министрдің айтуынша, 2018 жылдан бастап қатты пайдалы қазбаларды барлауға 1 мың 922 лицензия беріліп, кіші (юниор) компаниялардың үлесі 90%-дан асқан. Десе де аталған саланың тиімді дамуын тежеп тұрған факторлар да жоқ емес көрінеді. Сол себепті еліміздегі жер қойнауын игеруге арналған 1,4 млн шаршы шақырымдай учаскенің тек 5% пайызы ғана лицензияланған.

- Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқандай, жер қойнауын игеруге инвестиция тарту үшін тиісті заңнама мен белгіленген тәртіпті барынша оңтайландыру қажет. Сондықтан Геология салаcын дамыту тұжырымдамасы арқылы жер қойнауын пайдалану бағытында лицензия алу жөніндегі тәртіпті барынша жеңілдетіп, инвесторлар мен уәкілетті органдардың арасындағы бизнес-процесті автоматтандыру, сондай-ақ қатты пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге лицензия беру процесінің «ашықтығын» қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс қазір қолға алынды, - деді ведомство басшысы.

Қараша айынан бастап minerals.gov.kz жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасында лицензия беру модулі іске қосылды. Электронды хабарламалар бойынша арнайы функцияның жұмысы жолға қойылып, барлауға арналған учаскелерге байланысты электронды аукциондарды өткізу процесі автоматтандырылды (e-qazyna.kz -Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы). Аукцион жеңімпазы лицензия берілгенге дейін қол қою бонусын төлеу тиіс. Қажетті сома төленбеген жағдайда оған санкция қолданылуы мүмкін. Бұл алғаш рет енгізілді.

Осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру үшін қажетті рәсімдерді автоматтандырып, оңтайландыру бөлігінде Жер қойнауы туралы кодекске түзетулер пакетін енгізу көзделіп отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу