KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
488.11 530.09 5.01

«Туған жер - алтын бесігім» жобасының жеңімпазы қай аудан?

7.12.2023, 21:30 478

Қыркүйектен бері облыс орталығын дүбірге бөлеп, апта сайын қала тұрғындары мен қонақтарына ән-жырдан шашу шашқан «Туған жер - алтын бесігім» жобасы өз мәресіне жетті. Бүгін Өскеменде тәмам елді тамсандырған мәдени күндердің қорытынды гала-концерті өтті.

 

«Ертіс концерт» сахнасында ән әуелеп, күй төгілді. Аймақтың әр өңірінен келген өнерпаздар жиналған жұртқа есте қалар ерекше кеш сыйлады. Талғамы биік көрермен қауым тағы да қол соқты, қошемет көрсетті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Гала-концерттің арнайы қонағы, қазақ эстрадасының жұлдызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдуллин өзінің танымал әндерін шырқап, залдағы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Танымал әнші ел игілігіне айналған мұндай жобаның жергілікті өнерпаздарды қолдауға, жас таланттарды жарыққа шығаруға қосар үлесі зор екенін айтты.

 
– Бұл шараның ерекшелігі сол ауылды жерлердегі талантты өнерпаздардың үлкен сахнаға шығуына сеп болды. Демек оларға күш-қуат сыйлап, шығармашылық шабыт берді. Жоба жалғасын таба берсін, - деді Нұрлан Абдуллин.

Гала-концертте облыс әкімі өнерпаздарға құрмет көрсетіп, «Туған жер - алтын бесігім» жобасында үздік шыққан аудандарды марапаттады.

 

Сонымен «Сахна шеберлігі» номинациясы Глубокое ауданына бұйырды. Ал керемет көрмесімен көпшіліктің көңіл төрінен орын алған Катонқарағай ауданы «Үздік көрме» номинациясын иеленді.

 

«Көрермен көзайымы» номинациясын халықтың зор қошеметіне бөленген Зайсан ауданы алса, «Үздік хореография» номинациясында Риддер қаласы ерекшеленіп отыр.

 

«Туған жер - алтын бесігім» жобасында жүлделі үшінші орынды Шемонаиха мен Ұлан аудандары бөлісті. Оларға арнайы диплом мен 2 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

 

Ал екінші орынға Күршім ауданы лайықты деп танылды. Барақ батырдың елінен келген өнерпаздарға арнайы дипломмен бірге 3 миллион теңгенің сертификаты берілді.

 

Бірінші орынды жеңіп алған Алтай ауданының шығармашылық ұжымына арнайы диплом және 5 миллион теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. 

 

Осынау дүбірлі өнер бәскесінде оза шауып, жүзден жүйрік шыққан Тарбағатай ауданы бас жүлдені қанжығасына байлады. Қабанбай мен Дәулетбайдай батырлар дүниеге келген қасиетті жерден келген өнерпаздарға бас бәйгенің арнайы дипломы мен 7 миллион теңгенің ақшалай сыйлығы берілді.

 

Аймақ басшысы көпшіліктің көзайымына айналған бұл жобаның келер жылы да жалғасын табатынын айтты.

 

 

Қуаныш Рахметоллаұлы

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив