«Туған жер – алтын бесігім!»: Үлкен Нарын ауданының мәдени күндері өтеді
Шығыс өңірінің асыл қазынасы саналатын Үлкен Нарын ауданы өз мәдениеті мен өнерін облыс орталығында паш етпек. «Туған жер – алтын бесігім!» жобасы аясында өтетін бұл шаралар туған өлке құндылықтарын дәріптеп, аймақ тұрғындарын рухани бірлік пен ұлттық дәстүрлерге баулуды мақсат етеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
31 қазан күні сағат 17:00-де Өскемен қаласы, Протозанов көшесі, 43 мекенжайындағы Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының фойесінде аудан шеберлерінің қолөнер көрмесі, тарихи-өлкетану музейі жәдігерлерінің экспозициясы мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Көрме қонақтары Үлкен Нарын жерінің тарихымен, табиғатымен және тұрмыс мәдениетімен етене танысуға мүмкіндік алады.
Сол күні сағат 18:00-де Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының көрермендер залында Үлкен Нарын ауданының өнерпаздары сахна төрінде өз шығармашылығын ұсынбақ. Кеште өңірдің танымал әншілері мен би ұжымдары өнер көрсетіп, туған жерге деген сүйіспеншілікті әуенмен өрнектейді.
1 қараша күні сағат 08:00-ден бастап Өскемен қаласы, Жібек жолы даңғылы, 44 мекенжайындағы «Алтай» көтерме-тарату сауда орталығы алаңында ауданның ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Сондай-ақ көркемөнерпаздар концерті мен ұлттық спорт ойындары – қол күрес, қой көтеру, қымыз ішу, садақ ату сияқты жарыстар ұйымдастырылады.
Бұл күндер – тек мәдени мереке ғана емес, сонымен бірге ел мен жерге деген сүйіспеншілікті арттырудың, рухани жаңғырудың айқын көрінісі.
Барша шығысқазақстандықтарды және қала қонақтарын Үлкен Нарын ауданының мәдени күндеріне шақырады.
Киелі Алтайдың құшағынан өрбитін өнер мен өнегенің шуағына бөленіңіздер!