KZ
Өскемен
-5°
туман жел 2 м/с, З
505.53 593.44 6.34

«Адал азамат – Адал еңбек»: ШҚО-да Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысы шығарылды

24.12.2025, 10:30 74 Әбішев Ержан

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Түлепова өңірде «Адал азамат – Адал еңбек» идеясын ілгерілету барысы, сондай-ақ бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, оқыту бағдарламалары мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының нақты нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірде еңбек мерекесінің рухын қалыптастыру, сондай-ақ «Адал азамат – Адал еңбек» идеясын кеңінен насихаттау мақсатында ауқымды ақпараттық-имидждік жұмыстар жүргізілді.

2025 жылдың қаңтар айынан бастап облыстың ақпараттық кеңістігінде 5 818 материал жарияланды. Оның ішінде телеарналарда – 169 сюжет, баспа басылымдарында – 497 материал, интернет-ресурстарда – 211 жарияланым, әлеуметтік желілерде – 4 941 жазба орналастырылды.

Сонымен қатар жұмыспен қамту органдары тарапынан күнделікті еңбектің қаһармандарына арналған 160 бейнеролик пен сюжет әзірленіп, ресми БАҚ-та, қала және аудан әкімдіктерінің парақшаларында, сондай-ақ қоғамдық пікір көшбасшыларының платформаларында кеңінен таратылды.

Жылдың бірінші жартысында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізілді.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында «Workshop Square» форматында «Мамандығым – мақтанышым» шеберлік сабағы ұйымдастырылып, оған жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, кәсіпорын өкілдері және мектеп түлектері қатысты.

Сондай-ақ, облыста «Шығыс маманы» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 113-тен астам жұмыс беруші қатысып, 2 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Өскемен қаласында жұмысшы мамандықтарына арналған жәрмеңкелер үш алаңда тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 2025 жылға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің кестесі бекітіліп, жоспарлы қамту саны 3 292 адам деп белгіленді. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша облыс аумағында 121 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Оған 987 жұмыс беруші мен 4 055 азамат қатысты. Нәтижесінде 532 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 651 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды.

Іс-шаралар жоспарының 29-шы тармағын орындау аясында мектеп оқушылары мен студенттерді жұмыс іздеу және еңбекке орналастыру дағдыларына онлайн үйрету жұмыстары «Электрондық еңбек биржасы» бірыңғай цифрлық платформасы арқылы жүргізілді. Қамту көлемі – 15 873 адам, жоспардың орындалуы – 117%.

Жұмыспен қамтуды белсенді қолдау шарасы ретінде жұмыссыз азаматтар, NEET санатындағы жастар және жаңа мамандық алғысы келетін тұлғалар үшін сұранысқа ие қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды.

2025 жылы 77 мамандық бойынша 448 жұмыссызды оқыту жоспарланған, оның 70-і жұмысшы мамандықтарға жатады. 5 желтоқсанға дейін 425 адам оқуға жіберілді, 248 адам оқуын аяқтады, 207 адам жұмысқа орналастырылды, яғни оқуды тәмамдағандардың 83%-ы еңбекпен қамтылды.

3 қарашадан бастап «Өскемен әуежайы» АҚ базасында 14 сұранысқа ие мамандық бойынша оқыту басталып, оған Зайсан және Катонқарағай аудандарынан 45 жұмыссыз азамат жіберілді.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тәлімгерлік институтын дамытуға арналған 37 материал жарияланып, «Жас тәжірибе» және «Қысқа мерзімді оқыту» жобалары кеңінен қамтылды.

Премьер-Министр орынбасарының тапсырмаларына сәйкес облыста республикалық «Еңбек жолы» және «Парыз» конкурстарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Оған сәйкес тиісінше 58 және 44 өтінім қабылданды.

«Еңбек жолы» конкурсы жыл сайын өткізіліп, еңбекті құрметтеу, еңбек дәстүрлерін сақтау және еңбек адамдарын дәріптеу мақсаттарын көздейді. 2025 жылғы облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша республикалық комиссияға үш үміткердің материалдары жолданды: Деминдер әулеті («Үздік еңбек әулеті» номинациясы), А.А. Лисицын («Жұмыс істеп жүрген жастарға үздік тәлімгер» номинациясы) және А.Р. Ақшағанов («Өндірістегі үздік жас қызметкер» номинациясы).

«Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанатты рәсіміне қатысу үшін 2025 жылғы 24 желтоқсанда Астана қаласында облыстан 18 адамнан тұратын делегация құрылды.

«Парыз» республикалық конкурсы жыл сайын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ынталандыру мақсатында өткізіледі. 2025 жылғы 5 желтоқсанда Астанада марапаттау рәсімі өтті, конкурс лауреаттары «Камышинское» шаруа қожалығы, «Өскемен ЖЭО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «VoSca» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды.

30 қыркүйекте облыста еңбек күні атап өтілді. Осыған орай «Парыз» және «Еңбек жолы» конкурстарының облыстық кезеңдерінің жеңімпаздары, сондай-ақ өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үздік қызметкерлері марапатталды. Өндірістің алдыңғы қатарлы қызметкерлері мен әртүрлі еңбек мамандықтарының өкілдері облыс әкімінің құрмет грамоталары және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, еңбек нарығына жедел бейімдеу және нақты жұмысқа орналастыруға бағытталған жүйелі модель қалыптасты. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.



Артем Жигулин 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу