«Адал азамат» бағдарламасы аясында 23 мыңнан астам педагог кәсіби дайындықтан өтті
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы биылғы оқу жылынан бастап меншік түріне қарамастан барлық білім беру ұйымдарында енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда еліміздегі мемлекеттік мектептермен қатар, 700-ден астам жекеменшік мектепте де тәрбие жұмысы толықтай осы бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты жалпыадамзаттық құндылықтарға тәрбиелеп, білімді, еңбекқор, бәсекеге қабілетті, адал азамат ретінде қалыптастыру.
Қазақстандық білім беру ұйымдарында тәрбиенің біртұтас экожүйесін қалыптастыру мақсатында министрліктің ұйымдастыруымен педагогтерге арналған семинар-тренингтер өткізіледі. «Адал азамат» бастамасы бойынша 23 мыңнан астам педагог кәсіби дайындықтан өтті. Бұл шара мектептерге әдістемелік қолдау көрсетуге, жобаның мәнін түсіндіруге және өңірлер арасында тәжірибе алмасуға бағытталған.
Сонымен қатар, педагогтер практикалық кейс-сессиялар мен тренингтер арқылы нақты іс-қимыл алгоритмдерін жасап, жұмыс жоспарларын әзірледі. Бұл тәжірибе ұстаздардың тек теориямен шектелмей, нақты қадамдар арқылы тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыруға үйренуіне мүмкіндік берді.