KZ
Өскемен
-24°
туман жел 1 м/с, С
512.16 594.72 6.57

Дәрігерге шабуыл жасағандар 15 жылға дейін сотталуы мүмкін

24.07.2025, 14:00 275 Гульжан Мусина

Енді медицина қызметкерлеріне күш қолданғандар немесе қорқытқан азаматтар қатаң жазалануы мүмкін. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкіметтегі баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес, дәрігерлердің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған арнайы заң жобасы дайындалған. Құжат Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің алдын ала мақұлдауынан өтіп, қыркүйек айында Парламент қарауына жіберіледі.

– Қылмыстық кодекске дәрігерлерге шабуыл жасауға қатысты арнайы бап енгізіледі. Бұл – 158-1-бап болады. Егер медицина қызметкеріне күш қолданылса, кінәлі адам 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер оқиға төтенше жағдай кезінде болса, жаза 10 жылға дейін ұлғаяды. Бірнеше дәрігерге немесе топпен жасалған әрекет болса – 15 жылға дейін сотталады. Ал егер жай ғана қорқыту әрекеті болса да, ол тіркелсе, 2 жылға дейін бостандығын шектеу жазасы қарастырылған, – деді Ақмарал Әлназарова.

Министр бұл өзгерістер дәрігерлердің кәсіби қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды екенін атап өтті.

– Бұл – медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған әділетті қадам. Себебі олардың өмірі мен денсаулығы – қоғамның игілігі үшін қызмет ететін басты құндылық, – деді министр.

Айта кетейік, соңғы жылдары дәрігерлерге қысым көрсету, қол көтеру, тіпті күш қолдану жағдайлары жиілеп кеткен. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің құқығы мен қауіпсіздігін заңмен қорғау қажеттігін алға тартып, бұл бағытта нақты қадамдар жасау жөнінде тапсырма бергенін жазған болатынбыз.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу