Өскеменде әскери бөлім ашық есік күнін өткізді
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімі Өскемен қаласындағы мектеп оқушыларына арнап ашық есік күнін ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты — жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеу, ел тыныштығын қорғаудың әр азаматтың борышы екенін ұғындыру, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған бұл шара барысында әскери бөлімнің сап алаңында қару-жарақ пен әскери киім үлгілерінен құралған заманауи көрме ұсынылды. Көрмеге келген оқушылар қару-жараққа қызығушылық танытып, түрлі киімдер мен қорғаныс құралдарын киіп көруге мүмкіндік алды.
№24 орта мектептің оқушысы Аружан броньді кеудешеге ерекше қызығушылық білдіріп, оны киіп көрді. Ол өзін бір сәтке минасыздандыру саласының маманы ретінде сезініп, болашақта ел шекарасын күзеткісі келетінін де жасырмады.
Оқушылар әскери бөлімнің күнделікті тіршілігімен де танысты. Казармаларды аралап, сарбаздарға арналған ас мәзірімен әскери асханада танысты.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі


