Президент: «Бізге халық алдындағы жауапкершілігін жақсы білетін әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия керек»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдері тек жеке байлығын арттырумен шектелмей, қоғамға үлес қосуы қажет екенін атап өтті. Президент ұлттық буржуазияның халық алдындағы жауапкершілігі мен қайырымдылыққа мән беруін маңызды деп санады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіндегі сұхбатында бизнес – кез келген елдегі экономиканың негізгі тірегі екенін баса айтты. Мемлекет басшысы өзінің жоғары лауазымды қызметтерінде бизнес өкілдерінің заңды мүддесін қорғауға, экономика мен қоғамның игілігіне кәсіпкерлердің қатысуын қамтамасыз етуге тырысқанын айтты.
Президент шетелдегі тәжірибеге тоқталып, Швейцариядағы ірі кәсіпкерлердің қарапайымдылығы мен ұстамдылығын мысал етті.
Республика күні қарсаңында марапат рәсімінен кейін Президент кәсіпкерлермен жеке кездесіп, оларға отаншылдық пен қайырымдылықты іспен көрсету керектігін ескертті. Халық болмаса, кәсіпкерлер ешқашан табысқа жете алмайтынын, қоғамға қызмет етудің мәртебелі парыз екенін атап өтті.
Президент, сондай-ақ елге үлес қосып, әлеуметтік жауапкершілік танытып жүрген азаматтарды жақсы үлгі ретінде атады. Олар қалаларда инфрақұрылым салу, мұражайлар, емханалар мен мектептердің құрылысын қаржыландыру арқылы қоғамға нақты көмек көрсетіп келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылық қызметін қолдау мақсатында арнайы «Мейірім» орденін енгізгенін хабарлады. Осы наградаға әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлер биылдан бастап лайық деп танылатын болады. Президенттің айтуынша, бұл – қоғам алдындағы абырой мен мәртебені айқындайтын ерекше мәртебелі белгі.
Фото: Ақорда