Енді балалардың жазғы лагерлері лицензия алуға міндетті болады
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылғы 1 сәуірден бастап балалар сауықтыру лагерлерінің қызметі міндетті түрде лицензияланатын болады. Бұл балалардың демалысы, оқуы және сауықтыруына қойылатын бірыңғай талаптарды енгізуге жол ашады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Қабылданған заңнамалық түзетулер балаларға арналған қосымша білім беруді дамытуға, сондай-ақ білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін жыл бойы және маусымдық стационарлық балалар лагерлерінің қызметін реттеуге бағытталған.
2026 жылдан бастап қосымша білім беру ұйымдары екі санатқа бөлінеді. Бірінші санатқа қызметі лицензиялауға жататын білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдар кіреді. Ал екінші санатқа хабарламалық тәртіппен жұмыс істейтін қосымша білім беру ұйымдары жатады. Мұндай тәсіл саланы реттеуді жеңілдетіп, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар лицензияның қолданылу мерзімі бір жылдан бес жылға дейін ұзартылды. Бұл ұйымдарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, құжаттарды жыл сайын қайта рәсімдеу қажеттілігін болдырмайды. Лицензияның бес жыл мерзімге берілуі қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік бақылауды жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді.
Қабылданған шаралар балалардың демалысы мен білім алуына қауіпсіз әрі сапалы жағдай жасауға, сондай-ақ елімізде білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсетудің бірыңғай стандартын қалыптастыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта қосымша білім беру ұйымдарының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жалғасуда.