Жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері артты
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) мөлшерлемесі қызметкер табысынан 3,5 пайызға дейін ұлғайтылды. Айта кетейік, ЖМЗЖ мөлшері кезең-кезеңімен өсіп келеді: 2024 жылы – 1,5%, 2025 жылы – 2,5%, 2026 жылы – 3,5%, 2027 жылы – 4,5%, ал 2028 жылы 5% деңгейіне жетеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық жұмыс берушілер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) өз қызметкерлерінің пайдасына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын аударуға міндеттелген. Осылайша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс берушінің қатысуымен іске асатын жаңа құрамдас бөлікпен толықты.
ЖМЗЖ енгізу 1975 жылы және одан кейін туған азаматтардың зейнетақымен қамсыздандырылуын жақсартуға бағытталған. Себебі бұл санаттағы азаматтардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі жоқ немесе өте аз, ал бұл ынтымақты зейнетақы алу үшін маңызды фактор саналады. Болашақта олардың жиынтық зейнетақысы үш құрамдас бөліктен тұрады: мемлекеттен төленетін базалық зейнетақы, қызметкердің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасатын жинақтаушы зейнетақы және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасатын шартты-жинақтаушы зейнетақы.
Сонымен қатар жұмыс берушілер 1975 жылғы 1 қаңтарға дейін туған азаматтар, зейнет жасына толғандар, мерзімсіз уақытқа I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, әскери қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар үшін ЖМЗЖ төлеуден босатылады. ЖМЗЖ-ның уақытылы әрі толық төленуін бақылау Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жүктелген.
ЖМЗЖ есебінен төленетін зейнетақы төлемдері өмір бойына жүзеге асырылады. Алайда зейнетақы алушы шетелге тұрақты тұруға көшкен немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын өзгерткен жағдайда бұл төлемдер тоқтатылады. Мұндай кезде азамат өзінің жеке зейнетақы шотында жинақталған қаражатты ғана ала алады, ал ЖМЗЖ есебінен аударылған қаражат БЖЗҚ-да қалады. Себебі бұл қаражат салымшының жеке меншігі болып саналмайды және шартты зейнетақы шоттарына есептеледі. Осыған байланысты ЖМЗЖ арқылы қалыптасқан жинақтар мұраға қалдырылмайды және ынтымақтылық қағидаты бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға бағытталады.
Бұған дейін сарапшылар ЖМЗЖ есебінен жиналған қаражатты салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына аудару, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын қалыптастыруда тең тәсілді қамтамасыз ету үшін жасына қарамастан барлық қызметкерлерді ЖМЗЖ жүйесімен қамту жөнінде ұсыныстар білдірген болатын. Аталған ұсыныстар қазіргі уақытта талқылау сатысында тұр.