«Алтын Тұрғысын» және «Атамұра ойындары»: ШҚО-да екі ауқымды фестиваль өтеді

altainews.kz
11-12 шілде күндері Шығыс Қазақстанда қос бірдей ірі мәдени-спорттық шара өтеді. Алтай ауданында XVIII халықаралық «Алтын Тұрғысын» өнер фестивалі ұйымдастырылады. Өнер мерекесі дәстүрлі шығармашылық бағыттарды қамтып, түрлі елдерден келген қатысушылардың басын қосады. Ал 12 шілде күні Риддерде алғаш рет ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және дәстүрлі спорт түрлерін насихаттауға арналған «Атамұра ойындары» ұлттық фестивалі өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Риддерде өтетін ауқымды мәдени-спорттық шара ұлы даланың бай мұрасын дәріптеуді, халқымыздың салт-дәстүрлері мен ұлттық ойындарын қазіргі ұрпаққа кеңінен таныстыруды мақсат етеді. Бұл фестиваль тек спорттық дода емес, рухани бірлік пен елдік сананың символына айналмақ.
Фестиваль аясында көрермендер мен қонақтар қазақ халқының төл спорт түрлерінен өтетін жарыстарға куә болады. Атап айтқанда, қыз қуу, 12 шақырымдық қашықтықта өтетін топ бәйге. Мұнда Риддердің кіл жүйріктері бақ пен бап сынайды. Екі салмақ дәрежесі бойынша өтетін аударыспақ, қазақы тазы иттері арасында ұйымдастырылатын шырға тарту, бір салмақ дәрежесі бойынша арқан тарту және екі салмақ санатында қазақша күрес жарыстары көрермен назарына ұсынылады.
Сонымен қатар фестиваль аясында ұлттық мәдениеттің түрлі қырын қамтитын қосымша шаралар да жоспарланған. Қонақтар үшін балалар ойын алаңдары, ұлттық тағамдар ұсынылатын ас үй, садақ ату мен асық ату жарыстары, этнофотозоналар және қолөнер көрмелері ұйымдастырылады.
«Атамұра ойындар» фестивалі – бұл ұлттық рух пен елдік дәстүрдің жаңғыруына серпін беретін айтулы оқиға. Ол жастарды ұлттық мәдениетке баулып, халқымыздың төл болмысын насихаттауға үлес қоспақ.
Сол сияқты, Алтай ауданында да ауқымды мәдени шаралардың бірі өтпек. 11-12 шілде күндері Малеевск ауылының әсем табиғаты аясында XVIII халықаралық «Алтын Тұрғысын» өнер фестивалі өтеді. Фестиваль Алтай ауданының тумасы, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, жазушы, ақын Александр Иванович Егоровқа арналады.
Фестиваль бағдарламасы поэзия мен проза, вокал, авторлық ән және фольклор, хореография, аспаптық музыка, театр өнері мен көркемсөз, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнерді қамтиды. Спорттық жарыстар, ойындар, байқаулар, шеберлік сабақтары, сауда-саттық та ұйымдастырылады.