KZ
Өскемен
-5°
переменная облачность жел 4 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

Жағымды үрдіс: кітапханаларға деген сұраныс арта бастады

depositphotos.com

25.08.2025, 13:30 202 Әбішев Ержан

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда 170 көпшілік кітапхана жұмыс істейді, олардың 139-ы ауылдарда орналасқан. Соның ішінде соңғы жаңа нысан биыл көктемде Катонқарағай ауданының Топқайың ауылында ашылды. Дегенмен кітапханалардың 80 пайызға жуығы жеке ғимаратта емес, әкімдіктерде, мәдениет үйлерінде, клубтарда қызмет көрсетіп отыр. Соған қарамастан, оқырман саны азаймай, қайта өсіп келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстанда үш облыстық (Пушкин атындағы кітапхана, балалар мен жасөспірімдер кітапханасы, зағиптарға арналған кітапхана), 26 қалалық, 11 аудандық, 129 ауылдық кітапхана бар. Алайда олардың барлығы бірдей жеке ғимаратқа ие емес. 170 кітапхананың тек 35-і ғана өз ғимаратында орналасқан. Қалған 135 кітапхана әкімдіктерде, мәдениет үйлерінде, клубтарда, тіпті фельдшерлік пунктерде жұмыс істеп отыр.
Соңғы жылдары кітапханалардың қызмет көрсету ауқымы кеңейіп, жаңа технологиялар енгізілуде.
Интернетке қосылған кітапханалар саны – 123, оның 94-і ауылдық жерде. Бұл ауыл тұрғындарының да цифрлық ақпаратқа қолжетімділігі артып келе жатқанын көрсетеді.

– Облыс кітапханаларына 290 мыңдай оқырман тіркелген. Кітапханаға келулер саны 3 миллионнан асып, өткен жылмен салыстырғанда біршама артты. Бұл оқырман сұранысының азаймай, керісінше өскенін айғақтайды. Кітап қоры мен оны толықтыруға бөлінетін қаржы да – жүйе тұрақтылығының негізгі бір көрсеткіші. Облыс кітапханаларының қоры – 2,9 миллион дана, оның ішінде қазақ тіліндегі әдебиеттер саны миллионға жуықтайды. Өткен жылы облыстық бюджеттен 24 миллион теңге бөлініп, 5 мыңнан астам кітап сатып алынған. Бұған қоса, жергілікті бюджет есебінен Алтай, Үлкен Нарын, Тарбағатай аудандары да кітап қорларын толықтырды, – дейді мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов.

Биыл бұл бағытқа 18,3 миллион теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ 2018 жылдан бері «Абай әлемі» сериясымен жарық көрген 110 кітаптың 73 мыңыы облыс кітапханаларына таратылған.

Кітапханалар тек кітап сақтайтын мекеме ғана емес, қоғамдағы мәдени өмірдің орталығына айналып келеді. Былтыр 16 мың іс-шара өтіп, оған 500 мыңнан астам адам қатысты. Әдеби кештер, кітап тұсаукесерлері, ақын-жазушылармен кездесулер, ашық есік күндері, пікірталас алаңдары, тіпті кітап оқу марафондары – осылардың барлығы оқырманды тартудың тың тәсілдері.

Кітапханалардың сапалы қызмет көрсетуі ең алдымен мамандардың білімі мен кәсіби даярлығына байланысты.

Облыстағы кітапханаларда 478 қызметкер еңбек етеді. Олардың 64 пайызы – жоғары білімді, 32 пайызы – арнайы орта білімді мамандар. Қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру үшін семинар мен тренинг өткізіліп тұрады.

Әлеуметтік қолдау тұрғысынан алғанда, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған кітапхана қызметтері ерекше маңызға ие. Облыста төрт арнайы кітапхана жұмыс істейді. Олар есту қабілеті нашар, зағип немесе көзі әлсіз көретін азаматтарға қызмет көрсетеді. Өткен жылы облыс кітапханаларын ерекше қажеттілігі бар 2500-ке жуық адам пайдаланды.

Шығыс Қазақстандағы кітапханалар жүйесі білім мен ақпарат тарататын орталыққа ғана емес, мәдениет пен руханияттың ошағына айналып отыр. Дегенмен, ғимарат тапшылығы, кітап қорының толықтырылу қажеттілігі секілді мәселелер әлі де бар. Соған қарамастан, оқырман санының артуы қоғамның кітапханаға деген сенімі мен сұранысының жоғары екенін көрсетеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу