37 көшенің су құбырын жаңарту жұмыстары басталады - Аягөз
Аягөз қаласындағы су құбырларының тозығы жетіп, әр жерінен құбырлардың жарылу жағдайы жиілеген еді. Аудандық әкімдік мәселені ұзаққа созбай, облыстық бюджет есебінен Аягөз қаласындағы 37 көшенің құбырын ауыстыру жобалық-сметасын әзірледі. Алайда мемлекеттік сатып алу арқылы мердігер компанияны табу жұмысы ұзаққа созылған.
- Жауапты мердігер қашан анықталады? Сәуір айынан бері осы "жауапты мердігер қашан анықталады" деп тосудамыз. Енді Үкіметке хат жолдап, көмек сұрау ғана қалды, - деп жазды әлеуметтік желіде қала тұрғыны Асем Тайжігітова.
Халықтың тағатсыз тосқан мердігері Шығыс өңірінен емес болып шықтықты. Жұмысты жүргізетін ауыр техника мен мамандар еліміздің басқа облысынан келетіндіктен, жөндеу жұмыстары шілде айында ғана басталатын болып тұр.
Жөндеу жұмыстары жүргізілетін Шакерова, Р. Қошқарбаев, Талды, Тәйкіманов, Желтоқсан, Найманбаев көшелерінің тұрғындарымен облыстық мәслихат депутаты Қанат Оспанов және аудандық мәслихат депутаттары кездесіп, жөнделетін көшенің көптігіне байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
- Жөндеу жұмыстары 2021-2022 жылдарға жоспарланған. 37 көшенің құбырын жарты жылда ауыстырып шығу мүмкін емес. Мәслихат депутаттары халықпен кездесу кезінде осы мәселені түсіндірді. Жолдарды қазу, құбырларды ауыстыру жұмыстары тұрғындарға қолайсыздық туғызуы мүмкін. Осының барлығына халық дайын болуы керек, - деп түсіндірді Аягөз аудандық жастар орталығының әдіскері Жаңагүл Дәлелбек.
Аягөз қаласындағы Шайханқари көшесінің тұрғындары орталықта орналасса да, көше жағдайының нашарлығын айтып шағымдануда.
- Орталықта болса да су құбыры, кәріз жүйесі, жарықтандыру мәселесі, тас жол, т.б. мүмкіндіктерден шет қалған. Бұл көше өз депутаттарының түрі түгіл атын да ұмытып қалған. Жергілікті билік тарапына өз мәселелерін айта-айта күдер үзуге шақ тұр, - деп ашына жазды аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасына Асем Тайжігітова.
Мұндай проблема Желтоқсан көшесінде де бар.
- Желтоксан көшесінде балалар ойнайтын жер жоқ, жарық жоқ, жолдары ойқы-шойқы, не жедел жәрдем, не басқа техника жүре алмайды. Жолдарда шұңқырлар бар, құдықтар ашық жатыр. Ал бұл көшеде көбінде жасы үлкен адамдар тұрады, - дейді тұрғын Мадина Серікқызы.
Аудан әкімдігі аталмыш көшелердің жағдайымен таныс. Жаңагүл Дәлелбек атап өткендей, әр нәрсені кезең-кезеңімен жасау керек. Сол себепті ең бірінші Шайханқари, Желтоқсан көшесіндегі су құбыры
ауыстырылып, жолдары жөнделеді, содан кейін ғана жарық жүйесі тартылады.
Аягөз қаласындағы су құбырын ауыстыруға облыстық бюджеттен 940 млн теңге бөлініп отыр және бұл су құбырларын алмастыру бойынша жасалатын жалғыз жоба емес екен.
- Бұл 37 көшенің су құбырын ауыстырудан бөлек, қазір біз "Аягөз қаласы бойынша сумен жабдықтаудың 5 кезегі" атты жоспардың жобалық сметасын әзірлеп жатырмыз. Бұл жоспар аясында 2022-2023 жылдары қаладағы су құбырлары толықтай жаңартылып шығады, - деп түсіндірді Аягөз аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Айдын Қабдықаламов.
Аягөз ауданының басшылығы берген ақпаратқа қарағанда алдағы 3-5 жылда Аягөз қаласының су құбырлары ауыстырылып, жолдары жөнделіп, көшелері жарықтанбақ. Енді уәде етілген өзгерістердің жүзеге асуы уақыт еншісінде...