KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 5 м/с, СБ
511.22 540.05 4.73

Экологтар «Қазцинк» компаниясына 10 миллион теңгеден астам айыппұл салды

19.07.2022, 10:38 276

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаменті «Қазцинк» ЖШС Өскемен металлургиялық кешеніне қатысты профилактикалық бақылау жүргізді. Бақылау барысында бірнеше рет аспаптық өлшеулер жүргізіліп, қоршаған ортада нормадан жоғары шығарындылар анықталды.

Нәтижесінде, Заң бұзушылықтар фактісі бойынша 10 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.

- 2022 жылдың 17 мамыр мен 27 маусым аралығында аталмыш ірі кәсіпорынға Қазақстан Республикасының табиғатты қорғау заңнамасын сақтау бойынша профилактикалық бақылау жүргізілді. Нәтижесінде, анықталған бұзушылықтарға сәйкес, қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту және осыған ұқсас бұзушылықтардың алдын алу үшін 10 күн ішінде атмосфералық ауаға зиянды шығарындыларды азайту бойынша экологиялық іс-шаралардың тиімді жоспарын ұсыну қажеттігі туралы ұйғарым шығарылды, - деді ШҚО Ақпарат орталығы АКҚ-да өткен брифингте экология департаменті басшысының орынбасары Рауан Тұраров. 

Сондай-ақ, «Қазгидромет» РМК анықтамасына сүйенсек, 14 мамыр мен 28 мамыр аралығында атмосфералық ауада азот диоксиді мен озон бойынша ластаушы заттардың рұқсат етілген шекті нормасынан асып кеткені байқалды.

Экология департаменті басшысының орынбасары 2021 жылы осындай тексеріс кезінде дәл сол кәсіпорыннан жоғарыда аталып өткен ластаушы заттардың артық мөлшері анықталғанын айтты. Тексеру шараларының нәтижесінде өткен жылы кәсіпорындарға 50 миллион теңге айыппұл салынған еді.

– Көріп отырғанымыздай, бұл шараларда пайда бар, бірақ әлі де жеткіліксіз, жұмыстар толық көлемде жүргізілмей жатыр. Осыған байланысты біз қоршаған ортаға түсетін салмақты азайту үшін тиімдірек экологиялық шараларды әзірлеу қажеттігі туралы идеяларды жолдадық, – деді спикер. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу