Риддерде төтенше жағдай жарияланды
"Риддер-ЖЭО" АҚ-да орын алған төтенше жағдай бойынша шұғыл түрде штаб құрылды.
5 қараша күні сағат 20.00-де күл шығару жүйесіндегі жылу станциясында сорғы істен шығып, № 1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бүл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.
Апатты жағдай нәтижесінде салқындатқыштың температурасы +39 °С дейін төмендеді (қалыпты температура мөлшері +70 °С). Қазіргі уақытта Риддер қаласының 22 мыңнан астам абоненті үшін жылу беру азайтылды.
- Шұғыл түрде менің басшылығыммен апатты жою жөніндегі штаб құрылды. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ, жылу станциясына Согра және Өскемен ЖЭО, "Өскемен жылу желілері" АҚ мамандары келді. Қазіргі уақытта күл шығару жүйесінде қозғалтқышты ауыстыру, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. ЖЭО-ға қосымша 120 тонна мазут жеткізілді, отынды жөнелту жалғасуда. Апатты жағдайды жою үшін "Қазмырыш" ЖШС ЖЭО-ға 20-дан астам қызметкер жіберіп, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қосымша жабдықтар бөлді. Сондай-ақ, Өскеменнен көмек ретінде "Востоквзрывпром"ЖШС-нің 20 қызметкері келді. Сонымен қатар, қаланың энергожүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ Риддерге 12 авариялық бригада жіберді, - дейді облыс әкімі.
Риддер қаласының білім бөлімі басшысының м.а. бұйрығымен 7-11 қараша аралығында мектеп оқушылары қашықтықтан оқыту формасына көшіп, қаланың мектепке дейінгі мекемелері жұмысын тоқтатады.
"Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 2 шілдедегі № 756 қаулысына сәйкес бұл авариялық жағдай жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай ретінде жіктеледі.
- Жағдай ерекше бақылауда. Риддер қаласын жылумен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда, - деп түсіндірді аймақ басшысы.