Риддер тұрғындары ЖЭО басшылығын жазалауды талап етеді
Жылыту маусымы басталмай жатып Риддер жылу электр орталығында бірқатар келеңсіз жағдай болды. Мәселен, 23 қазан күні орталықтағы №3 қазандықтың апаттық сөнуіне байланысты тұрғындар бір тәулік бойы жылу мен ыстық сусыз қалды. Ең қиыны мұндай жағдайлар алдағы уақытта да қайталануы мүмкін.
Мұны қала басшылығы да жоққа шығармайды. Ал шарасыз күйде қалған тұрғындар қысты үреймен күтіп отыр.
Кейінгі кезде қала халқының шамамен 90 пайызын жылумен қамтамасыз етіп отырған «Риддер ЖЭО» АҚ-ның басынан дау арылмай тұр. Бүгінде шаһардың ең маңызды коммуналдық кәсіпорны саналатын жылу орталығы жеке меншіктегі қарапайым бизнес-жоба ретінде жұмыс істейді, мемлекеттің оның жұмысына араласуға құқығы жоқ. Дегенмен кейінгі жағдайларға байланысты бұл іске облыс басшылығы араласуға мәжбүр болды. Былтырдан бері облыс әкімі Даниал Ахметов жылу стансасының мәселелерін жеке бақылауында ұстап отыр.
Тарихқа сәл шегініс жасасақ, сонау 1956 жылы пайдалануға берілген аталмыш кәсіпорын 1997-2018 жылдар аралығында америкалық компанияға тиесілі болған. Ал осыдан төрт жыл бұрын жылу орталығын «GREEN ENERGY Q» компаниясы сатып алып, негізгі тұтынушысы саналған «Казцинк» компаниясына қойылған талаптарын күшейте бастаған. «Казцинк» тарапы ЖЭО басшылығы өзінің монополист ретіндегі жағдайын асыра пайдаланды деп шағым айтуда. Мысалы, 2018 жылы жылу орталығының басшылығы металлургиялық кәсіпорыннан турбогенераторды жаңартуға қажетті қаражатты жеті жыл бұрын алдын ала төлеп тастауды талап етті. Ол кезде бұл сома 5,5 миллиард теңгені құрап, жылу энергиясының нарықтық құнынан 1,5 есе артық болатын. Мұнымен келіспеген металлургия кешені бірден жылудан ажыратылған. Тек ұзаққа созылған сот процесінен кейін ғана қосымша қызметтерді төлеуге келіскен «Казцинк» кәсіпорны қайтадан жылуға қосылған.
Дәл сол жылдары қарапайым тұтынушылар үйлеріндегі радиаторлардың дұрыс жылу бермейтінін айтып жиі шағымдана бастаған. Мұндай жағдай жылдан-жылға қайталанып, халықтың ашу-ызасын туғызған көрінеді. Кәсіпорын басшылығы болса жауапкершілікті тұрғындардың өзіне жүктеуден ары аса алмауда.
Жұмысшылар неге наразы?
Оның үстіне кәсіпорын ішіндегі де ахуал мәз емес сияқты. 2021 жылы ЖЭО-ның 90 қызметкері ұжымдық хатқа қол қойған. Онда олар басшылықтың қаржылық, техникалық және ұйымдастырушылық басқару саясатына наразылық білдірген. Жылу орталығының жұмысшылары хатты бірқатар мемлекеттік органға жолдаған, оның ішінде Бас прокуратура мен Энергетика министрлігі де бар. Хатта айтылғандай, жаңа басшылық келгенге дейін кәсіпорынның қаржылық-экономикалық жағдайы біршама жақсы болатын. Ал жаңа меншік иелері жылу электр орталығының жұмысын дамытуға ешқандай үлес қоспаған, нысанда күрделі жөндеу жүргізілмегелі қашан? Оның үстіне, кәсіпорыннан білікті мамандары кете бастаған, қарапайым жұмысшылардың еңбегі де лайықты бағаланбайды. Хаттың негізгі мазмұны осыған сайыпты. Сол кезде «Риддер ЖЭО» АҚ басшылығы хаттың бар екендігіне күмән келтіріп, ешқандай ақпарат бермеген болатын.
Жасыратыны жоқ, ондаған жыл бойы жөндеу көрмеген станса жабдықтары әбден тозған. Соның салдарынан ЖЭО-ның құрал-жабдықтары жиі-жиі сыр бере бастаған. Мұның бәрі қоғамда компания жұмысына сенімсіздік туғызып, онсыз да ушығып тұрған жағдайды шиеленістіре түскен. Тек 2022 жылдың басында облыс басшылығының өзі араласқан соң ғана жағдай оңалғандай болды.
Тағы бір тексеріс қажет
Былтыр қыста жылу орталығында апат болып, оқиға орнына аймақ басшысы Даниал Ахметовтің өзі барған. Сол кезде облыс әкімі компания басшылығының проблеманың қаншалықты ауқымды екенін жіті түсінбейтінін және тығырықтан шығу жолдарын білмейтінін айтып, алаңдаушылық білдірген. Сол себепті, мамыр айында облыс басшылығы Үкіметке шығып, түйткілді мәселесі көп жылу электр орталығындағы жағдайды тексеру үшін Риддерге республикалық комиссияны жіберуді сұраған еді.
– Риддердегі ЖЭО-да бір апат, сондай-ақ I дәрежелі екі істен шығу және II дәрежелі 454 істен шығу болды, оның 532-сі электр желілерінде тіркелді, – деді облыс әкімі. – Ол кезде оқиға орнында республикалық комиссия жұмыс істеген болатын. Енді тағы бір кезектен тыс тексеріс жүргізуді сұраймыз. Жалпы, Риддер ЖЭО-да алты қазандық бар. Мен өзім осы ЖЭО бойынша үш кеңес өткіздім. Қазіргі уақытта инвестордың жағдайы мәз емес, ол жұмысты неден бастау және қалай жүргізу керектігін білмеуде. Біз бұл іске қанша қаражат бөлінетінін де нақты айта алмаймыз. Сондықтан бізде бір ғана өтініш бар – шұғыл түрде республикалық комиссияның кезектен тыс тексерісі қажет.
Белгілі болғандай, Энергетика министрлігі мамандары жүргізген тексеріс барысында энергетикалық жабдықтарды пайдалану жөніндегі нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын бұзудың 70 фактісі тіркеліп, меншік иесіне олқылықтардың орнын толтыруға жыл соңына дейін уақыт берілген екен. Сонымен қатар күз және қыс айларында жұмыс жүргізуге қажетті дайындық паспорты алынбапты. Негізгі жабдықтардың түгелдей дерлігі тозығы жеткен деп танылып, күрделі жөндеуден өтуі тиіс болатын.
Баяғы жартас – сол жартас
Облыс басшылығы кәсіпорынға қыс мезгіліне дайындалуға мұрсат беру үшін барлық бюджеттік мекемеге жылытуға қажетті төлемді алдын ала төлеп тастауды тапсырған. Осылайша, ЖЭО жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражатпен қамтамасыз етілуі тиіс еді. Тамыз айында облыс әкімдігінде өткен жиналыста ЖЭО басшылығы турбиналар мен жылу трассасының бір бөлігі жөнделіп, көмір жеткізіле бастағанын хабарлап, ахуалдың оңалып келе жатқанына сендірген болатын.
Алайда биылғы жылыту маусымы бастала салысымен, Риддердің көпқабатты үйлеріндегі батареялардың суып кеткені және крандардан ыстық су ақпай тұрғаны туралы шағымдар қайта түсе бастады. Ал 24 қазанда ЖЭО-да қазандықтар істен шығып, штаттан тыс жағдай болды. Тез арада облыс әкімінің өзі басқаратын жедел штаб құрылды. Артынша төтенше жағдай ЖЭО басшылығының мазуттың сапасын дұрыс қадаламағаны салдарынан болғаны анықталды. Мазут сумен сұйылтылған болып шықты, кесірінен бүкіл қала жылусыз қалған.
Жылу стансасының жұмысын жандандыру үшін облыс әкімдігі бұл іске өңірдің басқа да кәсіпорындарын жұмылдыруға мәжбүр болды. «Казцинк» ЖШС қоймаларынан Риддерге 60 тонна мазут жөнелтілді. Өскемендегі ЖЭО-дан тағы 120 тонна жеткізілді. Сондай-ақ жылу стансасының өзінде бір айлық көмір қоры бар.
Алайда 31 қазанда кеншілер қаласындағы жылу орталығында тағы бір штаттан тыс жағдай болды. Бұл жолы жоғары қысымды қазандық істен шықты. Үйлердегі батареялар күрт салқындады. Халық тағы да дабыл қақты.
«Әзірге жылу станса басшылығынан қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмай тұр. Жауапты тұлғалар байланысқа шықпай жатыр», деп хабарлады жауапты сала өкілдері.
Тек бір күннен кейін ғана сенімді көздерден апаттың жойылғаны туралы белгілі болды, жылумен қамту ақырындап қалпына келтірілуде. Бұл жағдай туралы газетіміздің өткен сандарының бірінде жазылған.
Қазіргі күні қала тұрғындары мұндай жағдай қыстың аязды күндерінде де қайталануы мүмкін екенін іштей сезіп, жанын шүберекке түйіп отыр. Сол себепті, аймақ басшылығынан көмек сұрап, жекеменшік иесін жауапқа тартуды талап етуде.
Халықтың талабы жауапсыз қалмады. Аймақ басшылығының өтінішін негізге алған облыс прокуратурасы «Риддер ЖЭО» басшылығының немқұрайлығы фактісі бойынша тергеу амалдарын бастады.
Насима Халелова