KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 1 м/с, С
523.86 544.34 5.11

Өскемендегі қыздар төбелесі: Зардап шегуші тарап өз шындығымен бөлісті

14.04.2023, 20:16 967 Ләззат Қанатқызы

Қазір әлеуметтік желіде видеосы кеңінен тараған жаға ұстатарлық қыздар төбелесінің шуы әлі де басылмай тұр. Өз құрдастарынан аяусыз қорлық көрген қыздың әпкесі өз шындығымен бөлісті.

Бүгін Altaynews.kz сайтының тілшісі зардап шегуші тараппен сөйлесіп, қыз баланың қазіргі жағдайы мен мәселенің мән-жайын біліп қайтқан болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 11 сәуір күні ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде ШҚО білім басқармасының басшысы мен ПД өкілдерінің қатысумен аталған тақырыпта баспасөз брифингі өткен болатын. Алайда зардап шеккен қыздың әпкесі Тоғжан Досумоваонда айтылған ақпараттың көбін жоққа шығарып отыр.

Оның айтуынша, қыздардың жанжалы жігіт үшін басталғаны шындық. Бірақ төбелескіш қыздар құрдастарына балағат сөз айтып, аяусыз ұрып-соққандарын видеоға түсіріп қана қоймай, оны көпшілікке таратпас үшін ақша талап еткен көрінеді.

Ал брифинг барысында ШҚО ПД ЖПҚБ ювеналды полицияның ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айгерім Бейсенбаева ақша талап ету фактілері туралы ешқандай арыз-шағым түспегенін айтқан еді.

  Білім басқармасы басшысының сөзін де жоққа шығарғым келеді. Полицияға колледж директоры емес, біз өзіміз жүгіндік. Оқиға 1 наурыз күні болған, одан кейін біз полиция бөлімшесіне барып арыздандық. Олардың тарапынан бізге айтарлықтай көмек көрсетілген жоқ, психологпен де жұмыс жүргізілмеді. Қашықтан оқу туралы ұсыныс айтқандары рас, бірақ біз бас тарттық. Тіпті топ жетекшісі оқу орнынан үйіне, үйінен оқу орнына дейін баруын қамтамасыз етіп жүргені де жалған. Олар неліктен толықтай 100 пайыз көз жеткізбей жатып көпшілікке ондай ақпарат таратады? – деп өз наразылығын білдірді Тоғжан Досумова.

Зардап шеккен қызға Бала құқығын қорғау комитеті тарапынан көмек көрсетіліп, психолог ұсынылған. Ол бүгіннен бастап жасөспіріммен жұмыс істейді.

 Қалалық білім бөлімінде жұмыс істейтін қыздардың бірінің анасы осы оқиғадан кейін өз еркімен өтініш жазып, жұмыстан шығып кеткен. Маған білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзова қыздардың 11 сәуірден бастап қашықтан оқуға ауыстырылғанын айтқан, бірақ брифинг барысында білім басқармасының басшысы қыздар қашықтан оқып жатқаны туралы ақпарат берді. Сонда шындық қайда? Кімге сенеміз? – дейді зардап шегуші тарап.

Ал соққы жеген қыздың жағдайы қазір бірқалыпты. Екі апта ауруханаға жатып шыққан. Әпкесі әлі де тексеруден өту керектігін, оған бұл жағдай психологиялық тұрғыдан да ауыр соққы болғанын атап өтті. Сонымен қатар, болған жағдайға қарамастан, оқиғаға қатысы бар қыздардың тек біреуінің ата-анасы ғана хабарласып, кешірім сұраған көрінеді. Арада 1 жарым ай өтсе де, қалғандары үнсіз жатыр.

Тоғжан Тоқтасынқызы әлеуметтік желіде көпшілікті толғандырған отбасы туралы сұраққа да жауап берді.

  Көпшілік бізді қорқытқаны туралы, неге көпшілік алдына шықпайтынымыз туралы көп жазып жатты. Мен әу баста бұл іс әділ түрде сотқа дейін жеткенін қалап, көпшілік алдына шыққан жоқпын. Ата-анасы бар, қыздың жетім екені немесе отбасы ішімдікке салынып кеткен деген ақпарат жалған. Анасы отбасында жалғыз жұмыс істейтіндіктен шыға алмайды, ал әкесі денсаулық жағдайына байланысты жұмыс істемейді, деп түсіндірді ол.

Әркімнің өз шындығы бар. Десе де, оқиғаның ақ-қарасын ажырату мақсатында ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышеваға қайта жолықтық.

  3 наурыз күні ол қыз сабаққа кешігіп келді, беті көгерген. Оқу орнындағылар бірден ата-анасына хабар берген, олар келе алмағандықтан туыстары келді. Директор оларды бірден полиция бөлімшесіне жіберді. Екіншіден, олар біздің тараптан ұсынылған көмектерден бас тартып, хаттамаға қол қойып берген болатын. Тек баланың оқу орнына барып-қайтуын топ жетекшісі қамтамасыз етуіне ғана келісім берді. Ал қыздардың қашықтан оқуы туралы ақпаратқа мен жауап бере алмаймын, қалалық білім бөлімінен сұраңыздар, деп қысқа қайырды білім басқармасының басшысы.

Көпшіліктің талқысына түскен бұл мәселе алдағы уақытта әділ түрде шешімін табады деген үміттеміз. Зардап шегуші тарап та өздеріне көмек көрсетіп, жанашырлық танытып жатқан барша халыққа алғыс айтып, өтінішін білдірді.

  Мен осы істің сотқа дейін жетіп, кінәлілер лайықты жазасын алғанын қалаймын және сол үшін барымды саламын. Сондай-ақ көпшіліктен біздің жағдай туралы жалған ақпарат таратпауларыңызды өтінемін. Мәселен, сіңілімнің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпараттың өзі бізге үлкен соққы болды. Қыз баланың жағдайын ойласаңыздар екен, дейді Тоғжан Досумова.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу