KZ
Өскемен
-2°
плотный туман жел 2 м/с, С
478.96 533.03 5.22

Өскемен іргесіндегі шошқа фермасының проблемасы әлі шешілмей тұр

Фото: Степное ауылы тұрғындарынан

24.04.2023, 12:01 381

Степное ауылы тұрғындарының айтуынша, аталған ферма иеслері әкелі-балалы Борис пен Алексей Митиндер осының алдындағы екі соттың да шешімін місе тұтпай отыр.

Ал ауа райы болса, күн санап ысып келеді. «Тағы былтырғыдай жаз бойы қорсылдақтың қорасынан шыққан жағымсыз иіске тұншығамыз ба?» деп алаңдаған тұрғындардың бар үміті жергілікті әкімдік пен бұқаралық ақпарат құралдарында, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

 

– Міне, 23 сәуір күні түсірген суреттен көргендеріңіздей, менің бақшамның артында осындай батпақты, шошқаның нәжісіне толы қоймалжың ағып жатыр. Былтыр ферма иесі Митин көршілердің бақшасына қарай ақпас үшін трактормен траншея қазып, ары қарай ұзартып тереңдеткен. Бірақ қауіп әлі сейілген жоқ. Мына суретті мен бақшамның ішінде тұрып түсірдім. Ары қарай қайда ағып жатқаны белгісіз, – деді Степное ауылындағы Планерная көшесінің тұрғыны Александр Стужук.

Оның сөзін ауылдасы, жиырма жылдан астам осы ауылда тұрып жатқан Желтоқсан ардагері Жанар Оспанова да қолдайды.

 

– Бұған дейін тұрғындар наразылығы бойынша екі рет шошқа фермасын жабу туралы соттың шешімі шыққан болатын. Ал Алексей болса, әлі ешқандай соттың шешіміне бағынбай отыр. Шошқалардың қоймалжың нәжісі жерді де, суды да, ауаны да ластап жатыр. Планерная – бұл шошқа фермасымен қиылысып жатқан іргелес көше. Жанына жақындап бару мүмкін емес. Сасық иісі көзді ашытып, бірден қолқаны қабады, – дейді ол.

Өз кезегінде осыдан жарты айдай бұрын Степное ауылы тұрғындары фермаға қатысты арыз-шағымдарын жазып, жүзден аса адам қол қойып, облыстық әкімдік пен облыстық прокуратураға да апарып тапсырған. Бірақ тіркелгенімен, әлі нақты жауап келмеген.

 

Сонда «Борис пен ұлы Алексей Митин есімді ферма иелерінің кімге арқа сүйеп, заңды сот шешімін белден басып жүргені, ешкімді пысқырмағаны қалай? Оның тұрғындар мүддесін аяққа таптап, мұншама еркінсіп, тайраңдауына қалайша жол беріп отырмыз?» деген сұрақ әлі де басы ашық күйінде қалып отыр. Жергілікті билік бұл мәселеге қатысты дұрыс шешім қабылдайды деп сенеміз. Бұл мәселе алдағы уақытта да сайт редакциясының бақылауында болады.  

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив