Риддер ЖЭО-да тағы бір қазандық іске қосылады
Бүгін кешке Риддер жылу электр орталығында №2 қазандықты іске қосу-баптау жұмыстары басталмақ.
Бұл туралы Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев мәлім етті, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
– Қала тұрғындарының назарына Риддер ЖЭО-ға қосылған жылу желілері жеткізуші құбырдағы қысым 12 кгС/см2-ге дейін жететін қысқы гидравликалық режимге ауыстырылғанын жеткізгім келеді. Қазіргі уақытта №1 және №3 қазандық агрегаттары жұмыс істеп тұр. Тікелей температура 63℃-ке дейін көтерілді. Қазанның 11-нен 12-не қараған түні қазандық агрегаттарын іске қосу-баптау жұмыстары басталмақ. Бұл жұмыстардың ішіне қазандықты жағу, бұғаттауды сынау, қосалқы жабдықтың жұмысын тексеру сияқты іс-шаралар кіреді. Сондай-ақ іске қосу-баптау жұмыстары бойынша оң нәтижелерге қол жеткізген жағдайда қазандықты кем дегенде 48 сағат жуу жоспарлануда. Осы ретте, №2 қазандық агрегатын жұмыс істеп тұрған орташа қысымды қазандықтардың бірін резервке шығара отырып, іске қосу жоспарлануда екенін айтқым келеді. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жайында алдағы уақытта қосымша хабарлайтын боламын, – деп жеткізді шаһар басшысы.
Еске салайық, кеше кешке Риддердегі жылу-электр орталығында жоспарлы профилактикалық тексеруден кейін №1 қазандық агрегаты қайтадан іске қосылған болатын.
Белгілі болғандай, жылу көзіндегі жөндеу жұмыстары техникалық регламенттерді сақтай отырып, белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Оқи отырыңыз